Белгілі болғандай, жүк көлігі «PetroKazakhstan» ЖШС-не тиесілі өнімді Шымкент қаласынан Қызылорда қаласына жеткізу бағытында болған.
ERNUR.KZ. 2025 жылғы 8 қазан күні шамамен сағат 19:30-да Шымкент қаласының Төлеметов пен Бәйтереков көшелерінің қиылысында төтенше жағдай орын алды. VOLVO маркалы, мемлекеттік нөмірі 053AAY11 болатын, салмағы 15 тонналық жүк көлігінің артқы борты ашылып кетіп, көлікте тиелген 12 тонна нефтешламның шамамен 4 тоннасы жол үстіне төгілген.
Белгілі болғандай, жүк көлігі «PetroKazakhstan» ЖШС-не тиесілі өнімді Шымкент қаласынан Қызылорда қаласына жеткізу бағытында болған. Көлікті 1978 жылы туған Қызылорда қаласының тұрғыны, Ажарбаев Динаман Жұмаділаевич басқарған.
Оқиға орнына сол күні сағат 21:45-те Шымкент қаласы Қаратау аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен «Ұлттық сараптама орталығының» мамандары келіп, қажетті зертханалық сынамалар алды. Мамандардың қатысуымен жағдайдың қоршаған ортаға әсерін бағалау мақсатында түсіндіру және бақылау жұмыстары жүргізілді.
Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімдігі жағдайды жедел бақылауға алып, жолға төгілген мұнай қалдықтарын тазарту жұмыстарын дереу ұйымдастырды. Арнайы техникамен жол үстіне екі камаз құм төгіліп, нефтешламның қалдықтары толықтай жиналып, аумақ тазартылды.
2025 жылғы 8 қазанда көрсетілген мекенжай бойынша атмосфералық ауа сынамалары алынып, зертханалық талдау 9 қазан күні жүргізілді. Нәтижесінде ауа құрамындағы көрсеткіштер шекті жол берілетін концентрациялардан аспағаны анықталды.
Жедел ұйымдастырылған іс-шаралардың арқасында экологиялық қауіптің алдын алу мүмкін болды. Қазіргі таңда тиісті бақылау жалғасуда, ал оқиға бойынша қосымша түсіндіру және қорытынды шаралар қабылдануда.
Шымкент қаласының тиісті қызметтері мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін жүк тасымалдаушылармен профилактикалық жұмыстар жүргізіп, қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша қатаң ескертулер берді.