сурет әлеуметтік желіде тараған видеодан скринделді
Шымкент қаласында болған жол-көлік оқиғасының соңы қайғылы аяқталды. 2026 жылғы 20 қаңтар күні Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында екі автокөлік соқтығысып, арты ірі жанжал мен адам өліміне соқтырған қанды оқиғаға ұласты.
Алдын ала мәліметтер бойынша, апаттан кейін екі көліктің жүргізушілері өзара сөзге келіп, жанжалдаса бастаған. Сол сәтте оқиға орнына тағы бір автокөлік тоқтап, оның ішінен шыққан жолаушылар дауға араласқан. Салдарынан ауызша басталған қақтығыс жаппай төбелеске айналды.
Төбелес барысында бірнеше адам суық қарудан (пышақтан) жарақат алған. Жағдайы ауыр екі азамат шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізілгені хабарлануда. Алайда, дәрігерлердің көрсеткен көмегіне қарамастан, зардап шеккендердің бірі алған ауыр жарақатынан ауруханада көз жұмған. Екінші азамат қазіргі уақытта дәрігерлердің бақылауында.
Шымкент қалалық Полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Тәртіп сақшылары қылмысқа қатысы бар барлық тұлғаларды анықтау және оларды ұстап, қамауға алу бойынша кешенді жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда оқиға орнындағы бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп, куәгерлерден жауап алынуда.


