​ШЫМКЕНТТЕ ЖАС ТАЛАНТТАРДЫ ҚОЛДАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН «ШЫМКЕНТ САЗЫ» БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

0
49

Қазылар алқасына елімізге танымал әнші, сазгер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлы төрағалық етеді.


​ШЫМКЕНТТЕ ЖАС ТАЛАНТТАРДЫ ҚОЛДАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН «ШЫМКЕНТ САЗЫ» БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

Шымкент қаласында ұлттық музыканың дамуына серпін беріп, қазақ эстрадасына жаңа есімдерді танытуды мақсат еткен «Шымкент сазы» республикалық ән байқауы өз шымылдығын түрді. Байқау жас таланттарға кәсіби сахнаға жол ашып, өңірлердегі өнерпаздардың шығармашылығына қолдау көрсетуді көздейді.

Байқау аясында бүгін «Қызғалдақ» сарайында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы өтті. Жиында қазылар алқасының толық құрамы таныстырылып, байқауға қатысты сұрақтарға жауап берілді. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 63 үміткер қатысқан. Іріктеу кезеңі онлайн форматта өткен. Сараптау нәтижесінде 21 жас әнші байқаудың ІІ кезеңіне жолдама алған. Әділ қазылардың айтуынша, байқауда қатысушылардың вокалдық шеберлігімен қатар сахнадағы мәдениеті мен шығарманы көркем жеткізу қабілеті қазылар тарапынан жан-жақты бағаланады.

Қазылар алқасына елімізге танымал әнші, сазгер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлы төрағалық етеді. Сонымен қатар қазылар құрамында эстрада жұлдызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанна Орынбасарова, жастар арасында кең танылған әнші Ерназар Мэлсұлы, «Қаған» этнофольклорлық ансамблін құрушысы Нұрболат Әмірханұлы және ҚР мәдениет қайраткері Амантай Берғалиев бар. Өз саласының майталмандары жас өнерпаздарды әділ бағалап, олардың шығармашылық мүмкіндігін жан-жақты саралайды.
– Қатысушылардың талант деңгейі жоғары болғандықтан, биылғы байқау тартысты өтеді деп күтілуде. Байқау Шымкенттің мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі. Байқаудың жүлде қоры 9 миллион теңгені құрайды. Бас жүлде — 2 миллион теңге, сондай-ақ І, ІІ, ІІІ орын иегерлеріне және басқа номинациялар бойынша арнайы сыйлықтар тапсырылады, – дейді Амантай Берғалиев.
Бөлісу