Әзірге жаңа әдеп қағидаларының нақты қандай талаптарды қамтитыны және олардың қашан күшіне енетіні айтылған жоқ.
Фото: Pexels
ERNUR.KZ. Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидалары енгізілмек. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин үкімет отырысында мәлімдеді, деп жазады stan.kz.
Оның айтуынша, жаңа қағидалар Конституция талаптарына және мемлекет пен қоғамға қызмет ету ұстанымдарына негізделеді.
"Мемлекеттік қызметшілер үшін Конституция ережелеріне, мемлекет пен қоғамға қызмет ету қағидаттарына негізделген жаңа әдеп қағидалары енгізіледі. Жүргізіліп жатқан өзгерістердің стратегиялық бағдары ретінде ел дамуының ұзақмерзімді басымдықтарын айқындайтын құжат әзірленеді", – деді Серік Жұманғарин.
Вице-премьердің сөзінше, бұл құжатты Президент әкімшілігі, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі және Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты бірлесіп әзірлейді.
Әзірге жаңа әдеп қағидаларының нақты қандай талаптарды қамтитыны және олардың қашан күшіне енетіні айтылған жоқ.
Еске салсақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін реформалау жоспарын 2027 жылғы 1 маусымға дейін әзірлеуді тапсырған. Ол қағазбастылықты азайтып, мемлекеттік аппараттың жұмыс тиімділігін арттыру қажет екенін айтқан. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеуді ұсынған.


