Шараның негізгі мақсаты – еріктілер қозғалысын дамыту, жастардың белсенділігін арттыру, олардың достық байланысын нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау.
5 желтоқсан – Халықаралық волонтерлар күні қарсаңында Шымкентте ерікті жастар арасында арнайы волейбол турнирі ұйымдастырылды.
Мерекеге орай өткізілген спорттық шараға қаладағы түрлі колледждерден құралған 12 команда, жалпы 150-ге жуық жас қатысты.
Шараның негізгі мақсаты – еріктілер қозғалысын дамыту, жастардың белсенділігін арттыру, олардың достық байланысын нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау. Волонтерлар күні - жыл сайын қоғамға пайдасын тигізіп жүрген жас еріктілердің еңбегін бағалаудың, ынталандырудың маңызды мүмкіндігі.
Турнирдің ашылу рәсімінде ұйымдастырушылар қатысушыларды мерекемен құттықтап, волонтерлік қызметтің қоғам үшін ерекше мәні барын атап өтті. Олар жастардың өз еркімен атқарып жүрген игі істері – әлеуметтік қолдау, экологиялық акциялар, қайырымдылық іс-шаралар мен мәдени жобалардың қоғамның дамуына елеулі үлес қосатынын айтты. Волейбол бәсекесі қызу тартысқа толы болды. Командалар кезең-кезеңімен өзара кездесіп, шеберліктерін көрсетті. Жарыс барысында жас спортшылардың командалық үйлесімділігі, белсенділігі мен жеңіске деген жігері айқын байқалды.
Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен және арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар, үздік ойыншыларға жеке номинациялар табысталды. Шара қаладағы волонтерлік қозғалысты одан әрі жандандырып, жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсті. Ұйымдастырушылар мұндай спорттық кездесулер алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп тұратынын жеткізді.


