Сән көрсетілімінде жергілікті 11 дизайнер өз киім үлгілерін ұсынды.
Шымкентте Наурыз мерекесіне арналған онкүндік шеңберінде Ұлттық киім күні тойланып жатыр. Мерекеге орай Концерттік-көрме орталығында жергілікті ұлттық киім дизайнерлерінің сән көрсетілімі өтіп, көрме ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты – Наурыз мерекесінің рухын дәріптеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау және ұлттық киім индустриясын дамытуға қолдау көрсету.
- Жергілікті дизайнерлер мен қолөнер шеберлерімен тығыз жұмыс жасаймыз. Олармен арнайы келісім жүргізіп, орындар беріп бүгін шақырып отырмыз. Бұл шараны ұйымдастыру отандық брэндтерді қолдау мақсатында болса, екінші жағынан қаламыздың имиджін көтеру, келушілерге ұлттық киімді насихаттау, өскелең ұрпақтың қазақы нақышқа қызығушылығын арттыру, - деді қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев.
Сән көрсетілімінде жергілікті 11 дизайнер өз киім үлгілерін ұсынды. Сәнгерлер ұлттық колоритті сақтау және ұсыну арқылы модельдеу, киім стильдері бойынша жоғары кәсіби деңгейлерін көрсетті. Дефиле көрсеткен сұңғақ мойын сұлулардың барқыт, шыт маталарынан тігілген ұлттық нақыштағы бешпенттері көпшіліктің оң бағасын алды. Сондай-ақ, модельдердің ерекше нақыштағы көйлектері қазақ халқының экзотикасын айқын көрсетті.
Сонымен қатар, мәдени шара елімізге танымал дизайнерлердің туындыларын ұсыну арқылы келушілерге ұлттық киім мәдениеті мен дәстүрін жақыннан танып-білуге, ұлттық мұраны жаңғыртуға мүмкіндік берді.


