​ШЫМКЕНТТЕ «ҰЛТТЫҚ КИІМ – ҰРПАҚҚА МҰРА» АТТЫ СӘН КӨРСЕТІЛІМІ ӨТТІ

0
61

Мәдени іс-шара Наурыз мерекесінің мазмұнын байыта отырып, ұлттық мұраны дәріптеуге бағытталған


​ШЫМКЕНТТЕ «ҰЛТТЫҚ КИІМ – ҰРПАҚҚА МҰРА» АТТЫ СӘН КӨРСЕТІЛІМІ ӨТТІ

Шымкентте Наурызнаманың онкүндігі аясында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Ұлттық киім – ұрпаққа мұра» тақырыбында «Smart fashion» форматындағы ұлттық киімдер сән көрсетілімі ұйымдастырылды.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қазақ халқының дәстүрлі киім үлгілерін заманауи сән үрдістерімен үйлестіре отырып, оны жас ұрпаққа кеңінен насихаттау.

Сән көрсетілімі барысында ұлттық нақыштағы киім үлгілері жаңа технологиялар мен креативті дизайнерлік шешімдер арқылы жаңаша сипатта ұсынылды. Көрермен назарына ұсынылған топтамалар қазақ халқының бай мәдени мұрасын, ою-өрнек өнерін және дәстүрлі киім пішімдерін қазіргі заманғы стильмен шебер ұштастырған бірегей жұмыстар ретінде ерекшеленді.
Іс-шараға «Мұра» ұлттық шығармашылық орталығының «Дефиле» үйірмесі мен Өнер және білім факультетінің студенттері қатысып, өздері дайындаған авторлық киім коллекцияларын көпшілікке таныстырды. Әрбір топтамада ұлттық болмыстың терең мазмұны көрініс тауып, заманауи сән әлемімен үйлесімді байланыс орнатылғаны байқалды.⠀
Шара барысында қатысушылар мен көрермендер ұлттық киімдердің тек эстетикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар, тарихи-мәдени құндылығы жоғары мұра екеніне ерекше назар аударды. Сән көрсетілімі ұлттық киімге деген қызығушылықты арттырып, оны жаңа көзқарас тұрғысынан қабылдауға мүмкіндік берді.
Аталған мәдени іс-шара Наурыз мерекесінің мазмұнын байыта отырып, ұлттық мұраны дәріптеуге бағытталған маңызды алаңға айналды. Мұндай шаралар алдағы уақытта да отандық сән индустриясындағы жаңа бағыттардың қалыптасуына ықпал ететініне сенім мол.
Бөлісу