Қатысушылардың айтуынша, мұндай кездесулердің жиі өткізіліп тұруы тұрғындардың әлеуметтік қолдау жүйесіне деген сенімін арттырып, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға ықпал етеді.
Шымкент қаласында әлеуметтік қолдау шаралары мен мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында маңызды қоғамдық кездесу өтті.
Жиын «Белсенді ұзақ өмір» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің базасында ұйымдастырылып, оған қала тұрғындары, қоғамдық ұйым өкілдері және әлеуметтік сала мамандары қатысты.
Кездесуге Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының әлеуметтік көмек тағайындау және төлемдерін жүргізу бөлімінің білікті мамандары арнайы шақырылды. Олар халықпен тікелей жүздесіп, мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың түрлері, оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек, көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қолдау, зейнетақы және түрлі әлеуметтік төлемдер туралы жан-жақты ақпарат ұсынды.
Мамандар халықты әлеуметтік қорғау жүйесіндегі соңғы өзгерістер мен жаңалықтардан хабардар етіп қана қоймай, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыруға бағытталған бастамаларды да түсіндіріп өтті. Әсіресе, қазіргі уақытта министрліктің цифрлық платформасы негізінде жүзеге асырылып жатқан пилоттық жобаның скорингтік моделі кеңінен таныстырылды.
Бұл модельдің басты ерекшелігі – азаматтардың әлеуметтік жағдайын жан-жақты бағалау арқылы оларға қажетті мемлекеттік қолдауды дер кезінде ұсыну. Яғни, білім беру, әлеуметтік қорғау, тұрғын үй қатынастары және дене шынықтыру салаларындағы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін жаңа цифрлық тәсілдер енгізілуде. Осы арқылы қызмет көрсету сапасы жақсарып, тұрғындардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік берілмек.
Жиын барысында қатысушылар өздерін толғандырып жүрген әлеуметтік мәселелерді еркін көтеріп, мамандарға тікелей сұрақтар қойды. Әсіресе тұрғындар жәрдемақы рәсімдеу тәртібі, әлеуметтік карталардың мүмкіндіктері, жұмысқа орналасуға бағытталған бағдарламалар және әлеуметтік қызметтер порталының тиімділігі жайлы сұрақтарға қызығушылық танытты.
Өз кезегінде басқарма мамандары әрбір сұраққа нақты әрі толыққанды жауап беріп, халықтың өтініш-ұсыныстарын да назарға алды. Қатысушылардың айтуынша, мұндай кездесулердің жиі өткізіліп тұруы тұрғындардың әлеуметтік қолдау жүйесіне деген сенімін арттырып, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға ықпал етеді.
Жиын соңында ұйымдастырушылар әлеуметтік қолдау саласындағы мемлекеттік саясаттың басты мақсаты – әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету екенін атап өтті.