Шымкентте спорттың алуан бағыты қамтылған.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамыту, тұрғындарды спортпен тұрақты айналысуға тарту және кәсіби спорттың дамуына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.
Бүгінде қалада спорттық инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән берілуде. Бұл ретте жаңа спорт нысандарын салумен қатар, қолданыстағы кешендерді жаңғыртуға және шалғай елді мекендерді қажетті спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр.
Қаланың спорт саласындағы әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде қазіргі таңда Шымкентте 35 спорт ұйымында 65 спорт түрі дамытылуда. Оқу-жаттығу процесіне 1 121 жаттықтырушы тартылған. Оның ішінде 795 маман штаттық негізде қызмет атқарады.
Спорттық мекемелерде бүгінде 18 242 спортшы тұрақты түрде жаттығып, шеберліктерін шыңдауда. Бұл көрсеткіш қала тұрғындарының спортқа деген қызығушылығы артып, салауатты өмір салтын ұстануға деген ұмтылысы күшейіп келе жатқанын көрсетеді.
Шымкентте спорттың алуан бағыты қамтылған. Атап айтқанда, қалада 22 олимпиадалық, 2 олимпиадалық емес, 2 паралимпиадалық, 1 сурдлимпиадалық және 10 ұлттық спорт түрі бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Бұқаралық спорттан бастап жоғары жетістіктер спортына дейінгі барлық бағыттың қатар дамуы қаладағы спорт саласының әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Осы ретте спорттық инфрақұрылымды жаңғырту, жаттығу жағдайларын жақсарту және тұрғындарға спортпен айналысуға қолжетімді орта қалыптастыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.
Жалпы, Шымкентте спортты дамыту тек жаңа нысандар салумен шектелмей, бұқаралық спортты кеңінен насихаттау, жас спортшылардың қабілетін шыңдау және кәсіби спорттың дамуына қажетті жағдай қалыптастыруды көздейді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар қаланың спорттық әлеуетін одан әрі арттыруға негіз болмақ.


