Елімізде 2022 жылдан бері мемлекет меншігіне 15,6 млн га жер қайтарылды

0
137

Енгізілетін өзгерістердің тиімділігін алдын ала бағалау және цифрлық платформаның жұмысқа дайындығын тексеру мақсатында Ақмола және Жетісу облыстарында пилоттық жобаны іске асыру жоспарлануда.


Елімізде 2022 жылдан бері мемлекет меншігіне 15,6 млн га жер қайтарылды

ERNUR.KZ. Жер беру процесін барынша ашық ету үшін электрондық конкурстарды өткізу тәртібін реттейтін жаңа нормалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Қазір Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген Конкурсты ұйымдастыру және өткізу қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілуде. Бұл жөнінде ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов ОКҚ баспасөз мәслихатында хабарлады.

Енгізілетін өзгерістердің тиімділігін алдын ала бағалау және цифрлық платформаның жұмысқа дайындығын тексеру мақсатында Ақмола және Жетісу облыстарында пилоттық жобаны іске асыру жоспарлануда.

«Пилоттық жоба техникалық тестілеу форматында өткізіліп, жаңа жүйенің функционалдық мүмкіндіктерін толық пысықтауға және заң нормалары күшіне енгенге дейін оның жұмысқа дайындығына көз жеткізуге мүмкіндік береді. Аталған пилоттық жобаны іске асыру Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Бас прокуратурасының қолдауымен жүзеге асырылатын болады», - деді спикер.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке беруге қатысты мораторийдің 2026 жылы аяқталуына байланысты, оны 2031 жылдың соңына дейін ұзартуды көздейтін түзетулер әзірленді.

Елімізде 2022 жылдан бері мемлекет меншігіне пайдаланылмаған немесе заң талаптарын бұза отырып берілген 15,6 млн га жер қайтарылды. Биыл аумақтық бөлімшелер тарапынан жалпы аумағы 1 млн га жерді қамтитын 1000-нан астам жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижелері бойынша жалпы аумағы 884 мың га жер бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 715 нұсқама берілді. Сонымен қатар қазір жалпы аумағы 211 мың га жерді мәжбүрлеп алып қою мәселелері бойынша соттарда істер қаралуда.

2026 жылға республика бойынша пайдаланылмай жатқан кемінде 1 млн га жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланды. Аталған жоспар толығымен орындалып, 1,2 млн га жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Жер балансының деректеріне сәйкес, республика аумағында 10 мың гектардан асатын жерлері бар шаруашылықтарды анықтау жұмыстары жүргізіліп, оларды ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамтамасыз ету үшін жерлерін тиімді пайдалануға кірістіру бойынша тиісті жұмыстар атқарылды.