Шымкентте сарбаздар оқушыларға әскери қызметті таныстырды

0
112

Іс-шара барысында қатысушыларға әскери бөлімнің қызметтік инфрақұрылымы таныстырылды.


Шымкентте сарбаздар оқушыларға әскери қызметті таныстырды

Шымкент қаласындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасында бітіруші сынып оқушылары үшін ашық есік күні өткізілді. Іс-шараға А.С. Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушылары қатысты.

Іс-шара бекітілген бағдарламаға сәйкес ұйымдастырылып, қатысушыларға әскери бөлімнің қызметтік-тұрмыстық жағдайлары мен оқу-жаттығу үдерістері таныстырылды.
Бақылау-өткізу пунктінен өткеннен кейін оқушылар саптық алаңға орналастырылды. Мұнда күзгі шақырылым сарбаздары қарумен және қарусыз орындалатын қоян-қолтық ұрыс элементтерін көрсетті.
Бағдарлама аясында қатардағы жауынгерлер Рамазан Асқар және Михаил Иванов әскери қызметтің ерекшеліктері мен жеке тәжірибелері туралы ақпарат берді. Олар әскери қызметке бейімделу, тәртіп пен жауапкершіліктің қалыптасуы жөнінде түсіндірме жасады.
Іс-шара барысында қатысушыларға әскери бөлімнің қызметтік инфрақұрылымы таныстырылды. Атап айтқанда, бақылау-өткізу пункті, саптық алаң, казарма, оқу сыныптары және әскери техникалар паркі көрсетілді.
Казармада жеке құрамның тұрмыстық жағдайлары, төсек-орын жабдықтарын дайындау тәртібі және жеке заттарды сақтау талаптары түсіндірілді.
Сонымен қатар, әскери техникалар паркі таныстырылып, оқушыларға техника үлгілері көрсетілді.
Бағдарлама аясында спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Турникке тартылу жаттығуы бойынша оқушылар арасында үздік нәтиже көрсеткен қатысушы – Рахат Бірлікхан (20 рет). Ал әскери қызметшілер арасында қатардағы жауынгер Бейбарыс Сарсенбай (30 рет) үздік нәтиже көрсетті.
Сондай-ақ Калашников автоматының бөлшектеу және жинақтау нормативі бойынша Мадияр Серікбай 52 секунд нәтижемен ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
Іс-шара соңында қатысушылар әскери бөлімнің асханасында тамақтану тәртібімен және әскери қызметшілердің ас мәзірін қалыптастыру жүйесімен таныстырылды.
Бөлісу