2025 жылғы 8 маусымда Шымкент қаласындағы Абай саябағында «Сабантой–2025» мерекесі кең ауқымда аталып өтті.
Бұл мәдени іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылып, елдегі татулық пен этносаралық келісімді нығайтуға бағытталды. Шараны татар-башқұрт этномәдени бірлестігі Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасымен бірлесе отырып өткізді.
Мерекелік бағдарлама Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Бұдан әрі ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, қолөнер бұйымдары көрмесі және фотокөрме ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтары этностардың бай мәдениетімен танысты.
Салтанатты ашылу рәсімінде Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Заңғарбек Үсіпахметов, басқарма бөлімінің басшысы, ҚХА қалалық хатшылығының меңгерушісі Айгүл Әмзеева, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Нұркен Әлімқұлов және татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Шакиржан Игнатьевич Бурнашев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға ізгі тілектерін білдірді. Іс-шараға белсене қатысқан өнерпаздар мен бірлестік мүшелері арнайы алғыс хаттармен марапатталды.
Мәдени бағдарлама аясында татар-башқұрт этностарының салт-дәстүрлері мен ұлттық өнері кеңінен таныстырылды. Татарстан Республикасынан арнайы келген өнерпаздар — Альбина Кармышева мен Айгүл Рахимова көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар, мерекелік сахнада орыс, шешен-ингуш және өзге де этностардың өкілдері өз өнерлерін паш етті.
«Сабантой–2025» мерекесі түрлі этностардың мәдени байланысын тереңдетіп, ұлттық бірегейлікті дәріптеуге, сондай-ақ қоғамдық келісімді нығайтуға зор үлес қосты.