Күдіктілердің барлығы ұсталып, қамауға алынды.
Шымкент қаласында полиция қызметкерлері алдын ала ойластырылған схема бойынша әрекет еткен пәтер ұрыларының тобын әшкереледі.
Күдіктілер – Алматы облысынан келген үш азамат. Олар қала аумағында бірнеше ұрлық жасауға үлгерген.
Тергеу барысында олардың қылмыс жасау үшін иелері үйде болмаған кезді пайдаланып, көбіне түнгі уақытта ішке заңсыз кіргені анықталды. Қолды болған заттардың қатарында ақша қаражаты мен алтын бұйымдар бар.
Топтың ерекшелігі – әрекеттерін үйлестіру үшін рация қолдануы. Осы арқылы олар бір-бірімен үздіксіз байланыста болып, рөлдерді бөлісіп, жағдайды бақылап отырған.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілердің барлығы ұсталып, қамауға алынды. Аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция азаматтарды сақтық шараларын мұқият сақтауға шақырады: үйге сенімді құлып орнату, бейнебақылау мен дабыл жүйелерін пайдалану, сондай-ақ баспананы ұзақ уақыт қараусыз қалдырмау маңызды.


