Жаңа спорт кешені өңірдегі бейімделген жетекші спорт орталықтарының біріне айналады деп күтілуде.
фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі
ERNUR.KZ. Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы зор ірі жоба – паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт түрлеріне арналған заманауи спорт кешенінің құрылысы басталды. Болашақ нысанның орнында символикалық капсула салу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Іс-шара барысында мегаполис басшысы инклюзивті спорт инфрақұрылымын дамытудың және қала тұрғындары үшін тең мүмкіндіктер қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
«Бұл кешен спорт нысаны ғана емес, ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін мүмкіндіктер кеңістігіне айналады. Біздің міндетіміз – қолжетімді орта қалыптастырып, белсенді өмір салтын ұстануды қолдау және Шымкент пен еліміздің атын халықаралық аренада абыроймен қорғайтын спортшыларды даярлауға жағдай жасау», – деп атап өтті Ғабит Сыздықбеков.
Нысан аумағында футбол алаңы, екі әмбебап спорт залы, жекпе-жек спорт түрлеріне, спорттық билерге, үстел ойындарына, армрестлинг пен пауэрлифтингке арналған арнайы залдар, сондай-ақ, жүзу бассейні мен автотұрақ қарастырылған.
Сонымен қатар, жоба аясында воркаут алаңы, жүгіру және велосипед жолақтары болады. Бұл кешен аумағын жаттығулар мен белсенді демалысқа арналған көпфункционалды кеңістік ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асырылып, инклюзивті спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және жайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған. Жаңа спорт кешені өңірдегі бейімделген жетекші спорт орталықтарының біріне айналады деп күтілуде.


