Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Жиында тұтынушылардың құқықтарын қорғау, пайдалануға берілген нысандарды мемлекеттік тіркеу және мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Оспан Әбиевтің мәліметінше, өткен жылы департаментке азаматтардан 7 930-дан астам өтініш түскен. Шағымдардың басым бөлігі сауда саласына қатысты, яғни, сапасыз тауар сату, өнімді айырбастаудан және қайтарудан бас тарту, сондай-ақ, кепілдік міндеттемелерін орындамау фактілері бойынша.
Өтініштердің едәуір бөлігі электронды коммерциямен байланысты. Атап айтқанда, алдын ала төленген тауардың жеткізілмеуі, өнімнің сипаттамасына сәйкес келмеуі және интернет-дүкендердің кері байланысқа шықпауына байланысты шағымдар түскен. Сонымен қатар, тұрмыстық қызметтердің сапасына, келісімшарттық міндеттемелердің орындалмауына және қызмет көрсету мерзімдерінің бұзылуына қатысты да өтініштер болған.
Қаржы басқармасының басшысы Руслан Бақтыбаевтың айтуынша, 2018-2024 жылдары пайдалануға берілген нысандардың мемлекеттік тіркелуіне талдау жүргізілген. 563 нысанның 429-ы тіркелген, қалған 134 нысанның құжаттарды рәсімделуде.
Кешігудің негізгі себептері ретінде жер актілерін рәсімдеу мерзімінің созылуы және жауапты мамандар тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі аталды.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваның айтуынша, өткен жылы 53 мыңнан астам өтініш қабылданып, қаралған. Тұрғындар өздеріне қажет оңалту құралдары мен қызметтерді алып, бұл олардың тұрмыстық жағдайының сапасын арттыруға және қоғамға бейімделуіне ықпал еткен.


