Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» Заңына енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестірілді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласының Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асқар Жүзжасаров баяндады.
Бұл өзгеріс 2025 жылғы 5 сәуірден бастап ресми түрде күшіне енді. Енді еліміздің барлық азаматтары үшін мопедті пайдалану тек арнайы талаптарды орындау арқылы ғана мүмкін болмақ. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 17 сәуірдегі «Жол жүрісі туралы» Заңының 63-бабында көрсетілгендей, механикалық көлік құралдары мемлекеттік тіркеуден өтуге міндетті. Осы талапқа сәйкес, мопед жүргізушісі мопедін тіркеуден өткізіп, A1, A немесе B санатындағы жүргізуші куәлігін иеленіп, көлігін техникалық тексеруден өткізіп, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыруы қажет. Бұл шаралар мопед иелерінің жол қозғалысына қатысуына және қоғамдық қауіпсіздікке үлес қосуына бағытталған. Тиісті тіркеу жүргізілмеген көлік құралдарының жолға шығуына және пайдаланылуына заң жүзінде тыйым салынады.