Шымкентте медицина қызметкерлері тыл ардагерлеріне құрмет көрсетті

0
137


Шымкентте медицина қызметкерлері тыл ардагерлеріне құрмет көрсетті

фото: "Шымкент келбеті"

Жеңіс мерекесі қарсаңында Шымкент қаласында Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек еткен ардагерлерге құрмет көрсетілді.

Бұл – өскелең ұрпақтың парызы мен адамгершілік борышын білдіретін игі бастамалардың бірі.

Осыған орай, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты №4 қалалық емхананың қызметкерлері тыл еңбеккерлері Эльвира Ляшенко мен Анна Ножгинаға арнайы барып, медициналық және әлеуметтік көмек көрсетті. Емхана дәрігерлері мен әлеуметтік қызметкерлері қарт аналардың денсаулығын тексеріп, тиісті кеңес берді. Сондай-ақ, күнделікті тұрмысқа қажетті негізгі заттарды үйлеріне жеткізіп берді.

Эльвира Серафимовна – Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары «Шымкент» қонақ үйінде администратор болып ұзақ жыл еңбек еткен. Қазіргі таңда ол жалғыз тұрады және жүріп-тұруы қиындағандықтан балдақ пен арнайы ходуноктың көмегіне жүгінеді. Ал Анна Стефановна – соғыс жылдарында колхозда маңдай терін төгіп, кейін қарапайым жұмысшы ретінде еңбек еткен. Қазір ол да жалғыз өзі тұрып жатыр. Екі ардагер де Жеңістің 65, 70 және 75 жылдығына арналған мерекелік медальдармен марапатталған.

Емхана ұжымы бұл кездесуді бір реттік шара ретінде емес, жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Ардагерлердің үйлеріне барып, денсаулықтарын тексеріп, әлеуметтік тұрғыда көмектесу – медицина қызметкерлері үшін игі дәстүрге айналған.

– Ардагерлердің көзінен ризашылық пен жылылықты көру – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл тек мамандықтың емес, адамдықтың да ісі, – дейді емхана өкілдері.

Мұндай қамқорлық – жас ұрпаққа үлгі боларлық өнеге. Ардагерлерге деген шынайы құрмет пен жанашырлық – елдің рухани қуатын арттыратын маңызды қадам.

Бөлісу