Жиында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі де қаралды.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитұлының төрағалығымен пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдарды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарды және арнайы білім беру ұйымдарының түлектерін жұмыспен қамту бойынша қала әкімінің қаулысының орындалу барысы талқыланды.
Жиынға қалалық прокуратура өкілдері, аудан әкімдерінің орынбасарлары, Полиция департаментінің қызметкерлері және Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева қатысты. Күн тәртібінде басқарма басшысы квоталық жұмыс орындарының орындалу барысы туралы баяндама жасады.
Шымкент қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 19 желтоқсандағы №6756 қаулысына сәйкес, 2026 жылға арналған квоталық жұмыс орындары белгіленген. Аталған қаулыға сәйкес пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар үшін 52 жұмыс орны жоспарланып, қазіргі таңда 12 адам жұмыспен қамтылған (23%).
Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында 9 жұмыс берушіде 33 жұмыс орны қарастырылып, бүгінгі күні 1 адам жұмысқа орналасқан (3%).
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған немесе арнайы білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын жастар үшін 5 жұмыс берушіде 8 жұмыс орны белгіленіп, қазіргі уақытта 5 азамат жұмыспен қамтылған (62,5%).
Квоталық жұмыс орындарын орындау мақсатында бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылып, жұмыс берушілермен тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Жиында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі де қаралды. Қала әкімдігінің қаулысына сәйкес, 2026 жылға 34 жұмыс берушіде 165 жұмыс орны белгіленген. Қазіргі таңда осы квота аясында 12 адам жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар квоталық жұмыс орындарын орындау барысында бірқатар өзекті мәселелер бар екені айтылды. Атап айтқанда, соттылығы бар азаматтардың кәсіби білім алуға немесе ресми жұмысқа орналасуға ынтасының төмен болуы, ұсынылатын бос жұмыс орындарының жалақысының төмендігі және кейбір жұмыс берушілер тарапынан сенімсіздік таныту жағдайлары кездеседі.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге квоталық жұмыс орындарының орындалуын күшейту, жұмыс берушілермен түсіндіру жұмыстарын жалғастыру және әлеуметтік осал топтағы азаматтарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмысты жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.


