Кезекті қоғамдық қабылдауда тұрғындар инфрақұрылым, жер қатынастары, әлеуметтік мәселелер бойынша шағымдарын жеткізді.
AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының “Құқықтық көмек” партиялық жобасы аясында Абай ауданында көшпелі мобильді қоғамдық қабылдау өтті.
Бозарық шағынауданы №146 мектепте ұйымдастырылған іс-шараға мәслихат депутаттары, Шымкент қалалық полиция департаменті, Абай ауданы әкімдігінің өкілдері және қалалық басқарма басшылары қатысты.
Кезекті қоғамдық қабылдауда тұрғындар инфрақұрылым, жер қатынастары, әлеуметтік мәселелер бойынша шағымдарын жеткізді. Шағын аудан тұрғындарының айтуынша, бүгінде асфальт төсеу, көшелерді жарықтандыру мәселелері шешімін тауып келеді. Аулалар абаттандырылуда.
Шағынаудан тұрғыны, зейнеткер Сейдеғали Жапарков бүгінгі іс-шарада көшеге атау беру, тиісті дәрі-дәрмекті уақытында жеткізу мәселесін айтты.
– Аудан әкімдігі көшеміздің барлық жерін асфальттап, барлық жағдайды жасап жатыр. Екі жылдан бері дәрілерімді ала алмай жүрген едім. Осындағы мамандар мәселемді шешіп берді. Одан кейін тағы бір мәселе - көшемізде төрт жылдан бері атау жоқ. Жедел жәрдем шақыруда қиындықтар туындап жатыр. Енді осы мәселені шешіп берсе деймін. Одан кейін немерелерімізге ойын алаңшасы керек. Осы мәселелерді айтуға келдім, – дейді шағын аудан тұрғыны.
Айта кетсек, өткен жылы AMANAT партиясы Шымкент қалалық флилалының қоғамдық қабылдау, көшпелі жиындарында 12 мыңнан астам өтініш түсіп, оның 80 пайызы өз шешімін тапқан. Бүгінгі іс-шарада айтылған мәселелер де депутаттық сауал ретінде жолданып, партиялық бақылауға алынбақ.


