​Шымкентте қоршаған ортаны қорғау күні атап өтілді

0
218

Биыл бұл мерекені шымкенттіктер ерекше ықыласпен, табиғат аясында қарсы алды.


​Шымкентте қоршаған ортаны қорғау күні атап өтілді

ERNUR.KZ. 1972 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы адамзат назарын экологиялық мәселелерге аудару мақсатында 5 маусымды — Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні деп жариялады. Содан бері бұл күн бүкіл әлемде табиғатқа құрмет пен жанашырлықтың белгісі ретінде атап өтіліп келеді.

Биыл бұл мерекені шымкенттіктер ерекше ықыласпен, табиғат аясында қарсы алды. Қаланың көрікті орындарының бірі — Абай саябағында балаларға арналған ойын және спорт алаңшасының ашылуымен қатар, мазмұнды мерекелік шара ұйымдастырылды.
Игі бастамаға Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бұқарбай Парманов, Экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаев, Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғар, табиғат жанашырлары мен қала тұрғындары, сондай-ақ кішкентай бүлдіршіндер белсене қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған Бұқарбай Парманов:
— «Бір тал кессең, он тал ек» дейді дана халқымыз. Табиғат – тек көздің қуанышы ғана емес, жүректің тыныштығы. Бүгінде «Таза Қазақстан» ұлттық акциясы аясында экологияны жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жыл басынан бері 27 жерге гүлзар мен демалыс аймақтары салынды. Бүгінгі ашылып отырған балалар алаңшасы — соның жарқын дәлелі. Жыл соңына дейін тағы 8 спорт алаңы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Мен үнемі табиғатқа деген сүйіспеншілігімізді сөзбен емес, нақты іспен дәлелдеу қажеттігін айтып келемін. Жақында Абай саябағында оқушылардың қатысуымен сенбілік өтті. Ағаштар түптеліп, бордюрлер әктеліп, қоқыс тазартылды. Әр ағашқа бір оқушыны бекітіп беру туралы ұсынысым да бар. Табиғатты аялап, қорғай білейік! Мереке құтты болсын! — деп жүрекжарды тілегін жеткізді.
Шымкент аспанында балдырғандардың шат күлкісі мен табиғаттың жұпар иісі үйлесіп, бұл күнді шынайы мерекеге айналдырды.