ШЫМКЕНТТЕ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ МҮШЕЛЕРІ 532 ОҚУШЫҒА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТТІ

0
58

Ассамблея өкілдері «Мектепке жол» акциясы – тек материалдық көмек емес, сонымен қатар қоғамдағы бірлік пен ынтымақтың нақты көрінісі екенін атап өтті.


ШЫМКЕНТТЕ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ МҮШЕЛЕРІ 532 ОҚУШЫҒА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТТІ

Бүгін Шымкент қаласындағы Достық үйінде маңызды әрі игі бастамаға айналған қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жомарт жан» жобасы аясында дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы басталды.

Бұл шараның басты мақсаты – жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларын мектепке дайындау, оларға қолдау көрсету, сонымен бірге қоғамда қайырымдылық пен ізгілік құндылықтарын дәріптеу болып табылады.

Акцияның алғашқы кезеңінде қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, белгілі кәсіпкер әрі меценат Арипджан Халназаровтың тікелей қолдауымен 100 оқушыға жалпы құны 1,5 миллион теңгені құрайтын мектепке қажетті құрал-жабдықтар табысталды. Оқушыларға сыйға тартылған сөмкелердің ішінде дәптерлер, түрлі-түсті қаламдар, қаламсаптар, пенал және басқа да оқу процесіне қажет керек-жарақтар бар. Бұл қамқорлық балалардың жаңа оқу жылын жақсы көңіл-күймен, қуанышпен бастауына септігін тигізді.

Іс-шараға қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Тахирбек Нишанбаев, Ақсақалдар кеңесінің белсенді мүшесі әрі акцияға демеушілік жасаған кәсіпкер А. Халназаров, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нұркен Әлімқұлов арнайы қатысып, балаларға сәттілік тілеп, олардың болашағына зор сенім білдірді.

Жиналған қауым алдында сөз сөйлеген Ассамблея өкілдері «Мектепке жол» акциясы – тек материалдық көмек емес, сонымен қатар қоғамдағы бірлік пен ынтымақтың нақты көрінісі екенін атап өтті. Өйткені әрбір балаға көрсетілген осындай қамқорлық олардың білімге деген құлшынысын арттырып қана қоймай, өздеріне деген сенімін де нығайтады.

Акция аясында тек бұл көмектермен шектелмей, қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі де белсенділік танытып, бастауыш сыныпқа баратын 32 бүлдіршінге қажетті оқу құралдарын өз қамқорлығына алды. Бұл бастама әрбір баланың мектеп табалдырығын қуанышпен аттауына жағдай жасауға бағытталды. Сонымен қатар, қаладағы этномәдени бірлестіктер де назардан тыс қалмай, Шымкенттің 13 нүктесінде дәл осы мақсатта қайырымдылық іс-шараларын өткізіп, жалпы сомасы 6 миллион теңгенің оқу жабдықтарын әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған, көпбалалы және осал топтағы отбасылардың балаларына үлестірді.

Нәтижесінде, акция барысында тек алғашқы кезеңнің өзінде 532 шымкенттік оқушы жалпы құны 7,9 миллион теңгенің көмегін алды. Бұл көрсеткіш жыл сайынғы игі дәстүрдің кең ауқым алып, қоғамды жұмылдырудағы маңызын айқын дәлелдейді.

Осылайша, «Мектепке жол» акциясы Шымкент қаласында балалардың болашағына жасалған үлкен қамқорлық пен үміттің символына айналып отыр. Бұл шара – білімнің қоғамдағы басты құндылық екендігін тағы бір мәрте дәлелдеген елеулі оқиға.


Бөлісу