​Шымкентте қалдықты бөлек жинау бойынша пилоттық жоба іске қосылуда

0
96

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапары барысында Отырар шағынауданында жабық типтегі заманауи жерүсті контейнерлік алаң орнату пилоттық жобасының жүзеге асырылуымен танысты.


​Шымкентте қалдықты бөлек жинау бойынша  пилоттық жоба іске қосылуда

фото: Шымкент қаласы әкімдігі

ERNUR.KZ. Шымкент қаласында экологиялық жағдайды жақсарту және қалдықты өңдеу жүйесін дамыту жалғасуда. Осы орайда тұрғындар арасында тұрмыстық қалдықты бөлек жинау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған заманауи шешімдер енгізілуде.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапары барысында Отырар шағынауданында жабық типтегі заманауи жерүсті контейнерлік алаң орнату пилоттық жобасының жүзеге асырылуымен танысты. Бұл нысан қатты тұрмыстық қалдықты бөлек жинауға арналған және әртүрлі мақсаттағы контейнерлермен жабдықталған.

Алаңда аралас қалдыққа арналған бес контейнер және сұрыптап жиналатын фракцияларға арнап тағы үш контейнер орнатылды. Қалдықты дұрыс сұрыптау талаптарының сақталуын қамтамасыз ету үшін арнайы бақылау пункті қарастырылған. Мұнда үдерісті қадағалайтын жауапты қызметкер жұмыс істейтін болады.

Айта кету керек, жоба жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылуда. Бірінші кезеңде осындай 100-ге жуық контейнерлік алаң орнату жоспарланған. Алдағы уақытта бұл тәжірибе қала бойынша кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Бұл өз кезегінде қалдықты бөлек жинау мен қайта өңдеудің жүйелі тәсілін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Аталған бастама Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүзеге асырылып, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға және қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған.