Шымкентте экологияны қорғау шаралары күшейтілді

0
67


Шымкентте экологияны қорғау шаралары күшейтілді

Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті 2025 жылдың қорытындысын жариялап, қоршаған ортаны қорғау бағытында атқарылған жұмыстар мен анықталған негізгі мәселелерді мәлімдеді.

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің басшысы – Қозыбаев Ермахан Тастанбекұлы тарқатып айтып берді.

Департамент басшысы Е. Қозыбаевтың айтуынша, мекеме қаладағы экологиялық жағдайды бақылап, тұрғындардан түскен арыз-шағымдарды қарау және өндіріс орындарының қызметін қадағалау бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.
Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінде мемлекеттік қызметшілердің штат саны 11 бірлікті, ал штаттан тыс 13 бірлікті құрайды. Мекеме мемлекеттік экологиялық бақылау, экологиялық реттеу және зертханалық-талдамалы бақылау бөлімдерінен тұрады. Департаменттің негізгі қызметі – қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыру.
Мамандардың айтуынша, тұрғындардан келіп түсетін арыз-шағымдардың басым бөлігі жеке тұрғын үйлер арасында мал ұстау, қалдықтарды өртеу, монша мен темір қабылдау пункттерінің жұмысы, түнгі уақытта тарайтын жағымсыз иіс, судың және топырақтың ластануы, өндіріс орындарының ауаға шығаратын зиянды заттары, сондай-ақ қоқыстардың бейберекет жиналуы сияқты мәселелерге қатысты болады. Жеке тұрғын үй секторына қатысты шағымдар бойынша тексеру жүргізуге заңды негіз болмаған жағдайда, департамент мамандары тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Жалпы өткен жылы департамент тарапынан 34 тексеру жүргізілді. Оның ішінде 11-і профилактикалық бақылау, 2-і талаптарға сәйкестігін тексеру және 21-і жоспардан тыс тексерулер болды. Тексеру нәтижесінде заңбұзушылықтарды жою туралы 29 нұсқама берілген. Экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеген 5 кәсіпорынның қызметі сот шешімімен уақытша тоқтатылып, айыппұл салынған.
Құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыстар нәтижесінде 50 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 40,6 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Оның 32,6 млн теңгеден астамы мемлекет бюджетіне өндірілген.

Бөлісу