қазіргі таңда елімізде экстракорпоралды ұрықтандыру қызметін 19 медициналық ұйым көрсетіп келеді. Соның үшеуі Шымкент қаласында орналасқан. Олар – «Репродуктивті медицина институты», «Экомед-Шымкент» және «ЭКО центр доктора Тарарака» клиникалары.
Шымкентте соңғы 5 жылда экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) әдісімен 567 сәби дүниеге келді. Талай отбасының жылдар бойғы бала сүю арманы «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында МӘМС жүйесінің көмегімен орындалып отыр.
Биылғы жылы да Шымкент қаласы бойынша аталған жоғары технологиялық медициналық көмек түріне 400-ден астам квота бөлінген. Қазіргі таңда 38 әйел жүктілік кезеңінде бақылауда тұр.
Бедеулік мәселесімен күресіп жүрген отбасыларға ұсынылған ЭКО қызметі туралы осы және өзге де мәліметтер «Экомед-Шымкент» клиникасының 10 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатты шарады мәлім болды.
ЭКО-балалардың қатысуымен өткен мерекелік шараға Қазақстандағы алғашқы ЭКО зертханасының негізін қалаушы, профессор Салтанат Байқошқарова, ӘМСҚ Шымкент қаласы филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова мен акушер-гинекологтар, уролог-андрологтар және басқа да сала мамандары қатысты. Мерейтой аясында «Репродуктивті денсаулық және жаңа инновациялар» атты ғылыми-практикалық семинар да өтті.
Салтанатты жиында медицина саласының сарапшылары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жоғары технологиялық медициналық көмектің қарқын алғанын атап өтті. Мамандардың айтуынша, ЭКО әдісімен бала сүюге ниетті әрбір ерлі-зайыпты медициналық көрсеткіштерге сәйкес тегін жолдама ала алады.
Қазіргі таңда елімізде экстракорпоралды ұрықтандыру қызметін 19 медициналық ұйым көрсетіп келеді. Соның үшеуі Шымкент қаласында орналасқан. Олар – «Репродуктивті медицина институты», «Экомед-Шымкент» және «ЭКО центр доктора Тарарака» клиникалары.
Айта кетейік, бұрын Шымкент тұрғындары ЭКО жасату үшін Алматы мен Астанаға баруға мәжбүр болса, бүгінде жергілікті клиникаларға жүгінетіндер қатары артып келеді. Себебі өңірдегі медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайып, білікті мамандар саны артқан.