Шымкентте биыл ауқымды көгалдандыру жобалары жүзеге асырылады

0
75

Қаланы гүлдендіру мақсатында Асар шағын ауданындағы аумағы 2 гектар жылыжайда магистральды көшелерге отырғызуға арналған көпжылдық гүлдер өсірілуде.


 Шымкентте биыл ауқымды көгалдандыру жобалары жүзеге асырылады

2026 жылы Шымкент қаласында экологиялық ахуалды жақсартуға және тұрғындар үшін жайлы жасыл орта қалыптастыруға бағытталған кешенді көгалдандыру жұмыстары қолға алынады. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы бұл бағытта бірнеше ірі жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысы – Оңғар Әбілқайыр Бақытқалиұлы айтты.

Ең алдымен, қала аумағындағы магистральды көшелердің бойына, көше қиылыстары мен айналма жолдарға, сондай-ақ жол жиектеріне 1,6 миллион түп сәндік бұта отырғызу жұмыстары жүргізіледі. Жоба аясында заманауи тамшылатып суару жүйесі орнатылып, оның сыртқы бөлігі эстетикалық талаптарға сай габион тастарымен қапталады. Бұл тәсіл өсімдіктердің тиімді суарылуын қамтамасыз етіп қана қоймай, қалалық кеңістіктің көркемдік келбетін айшықтай түседі. Суару технологиясының заманауи үлгісі жасыл желектің ұзақ мерзімді сақталуына және жүйелі күтім жүргізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, қаланың басты алты көшесінде тік көгалдандыру жұмыстары атқарылады. Атап айтқанда, 1683 арнайы конструкция, 540 дана вазон, 293 дана стендке орнатылатын гүл құмырасы, 245 дана жарықтандыру полюстеріне арналған элемент және 424 дана бұрыштық гүл құмырасы орналастырылады. Бұл әдіс шағын аумақтарды тиімді пайдаланып, орталық бөліктің эстетикалық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді. Тік көгалдандыру шаңды ұстап, қала микроклиматын жақсартуға да оң әсерін тигізеді.
Қаланы гүлдендіру мақсатында Асар шағын ауданындағы аумағы 2 гектар жылыжайда магистральды көшелерге отырғызуға арналған көпжылдық гүлдер өсірілуде. Қазіргі таңда тұқым себу және көшет дайындау жұмыстары аяқталған. Биыл қала көшелеріне 1,6 миллион түп гүл отырғызу жоспарланған. Олардың қатарында күлгін эхинацея, көк сальвия, мамықты пеницетум, қытай мискантусы, өрік түстес, қызыл және сары реңкті ірі гүлді гайлардиялар, сондай-ақ таржапырақты лаванда бар.
Бұдан бөлек, аталған жылыжайда 2 миллион дана біржылдық гүл өсірілуде. Көшеттер тамшылатып суару технологиясы арқылы суарылып, агротехникалық талаптарға сай күтіп-бапталуда. Алдын ала жүргізілген бұл жұмыстар 2026 жылға қажетті гүл қорын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жалпы, жасыл желекті көбейтуге бағытталған бастамалар қаланың экологиялық жағдайын жақсартып, тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға негіз болмақ. Барлық жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуы тұрақты бақылауда болады.
Бөлісу