Фестивальде бірнеше тақырыптық алаң ұйымдастырылды.
ERNUR.KZ. Шымкент қаласының Орталық саябағында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бірлік дастарқаны» ауқымды фестивалі өтті. Мерекелік іс-шара түрлі этнос өкілдерін, қоғамдық ұйымдарды және қала тұрғындарын бір арнаға тоғыстырып, татулық, өзара құрмет пен мәдени әралуандықтың жарқын көрінісіне айналды.
Фестивальде бірнеше тақырыптық алаң ұйымдастырылды. Қонақтар отандық өндірушілердің ұлттық нақышта безендірілген өнімдер көрмесімен танысып, қолданбалы өнер шеберлері мен кәсіби суретшілердің мозаикалық туындыларын тамашалады.
Ұлттық спорт сайыстары көпшіліктің ерекше қызығушылығын туғызып, жас қатысушыларға халықтар достығы мен бірлігі тақырыбында сурет байқауы өткізілді.
Сондай-ақ, фестиваль аясында дәстүрлі тағамдарды әзірлеу үрдісі көрсетіліп, келушілерге ұлттық ас мәзірінің дайындалу ерекшеліктері таныстырылды.
Бұдан бөлек, этномәдени бірлестіктер өкілдері үлкен қазанда бірлесіп тағам дайындап, бірлік пен ынтымақтың мәнін іс жүзінде көрсетті. Іс-шараның басты нышаны – қазақтың дәстүрлі тағамдары ұсынылған «Бірлік дастарқаны» болды. Қонақтарға ұлттық тағамдардың маңызы мен ерекшеліктері түсіндіріліп, олардың мәдени құндылығы мен тарихи мұраны сақтаудағы рөлі атап өтілді.
Қоғамдық келісімді нығайту, этносаралық диалогты дамыту және жастар арасында жалпыұлттық құндылықтарды насихаттаған іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, мәслихат депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғамдық кеңес өкілдері, этномәдени бірлестіктер, зиялы қауым, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Фестиваль аясында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған құттықтаулар айтылып, мерекелік іс-шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.
«Бірлік дастарқаны» фестивалі Шымкенттің әрдайым бейбітшілік пен келісімнің ордасы екенін, мұнда бірлік құндылықтары нақты іс жүзінде жүзеге асырылып жатқанын тағы бір рет айқындады.


