Ұлттық кітап күні қарсаңында Шымкент қаласында өзгеше форматтағы тағылымды шара өтті.
«AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен қолға алынған «КІТАП – AMANAT» жобасы аясында өткен бұл акция «Бір сұраққа – бір кітап» деген атаумен көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Іс-шараның басты мақсаты – кітап оқуға деген ынтаны оятып, жастар мен ересек буын арасында оқу мәдениетін жаңғырту. Шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, қалалық мәслихат депутаты Лазиз Сулайманов, партия мүшелері, кітапхана қызметкерлері және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Шара барысында қатысушыларға әдебиет пен өнер, тарих пен ғылымнан қойылған қызықты сұрақтар ұсынылып, әрбір дұрыс жауап бір кітаппен марапатталды. Осылайша, білім мен зерденің мерекесіне айналған жиын кітапқа деген ықыласты арттырып қана қоймай, рухани құндылықтардың қадірін қайта ұғындырды. Бұл бастама жас буынмен қатар, егде жастағы қатысушылардың да қызығушылығын тудырды.
Сөз алған Ербол Байқонысов бұл шараның маңыздылығын атап өтіп, «Кітап – адам санасының шамшырағы, рухтың азығы. Біз бүгінгі ұрпақтың бойына білімге деген сүйіспеншілікті сіңіріп, оқу арқылы кемелденуіне жол ашуымыз қажет. Осындай бастамалар – тек сауықтық емес, ой тереңдететін, қоғамды парасат пен мәдениетке үндейтін маңызды қадам», деді.
Ерекше форматта өткен «Бір сұраққа – бір кітап» атты бұл акцияны жан мен санаға серпіліс сыйлаған нағыз руханият мерекесі деуге болады.