Қала әкімін орныбасары «Мектепке жол» акциясын уақытылы орындап, әлеуметтік осал санаттағы балаларды қамтуды, білім беру ұйымдарындағы жөндеу және абаттандыру жұмыстарын жеделдетуді, 1-сыныпқа қабылдауды ашық әрі заңға сай жүргізуді тапсырды.
Бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің төрағалығымен білім басқармасының аппараттық мәжілісі өтті. Жиынға білім басқармасының бөлім басшылары, әдістемелік орталықтың басшылық құрамы, басқармаға қарасты білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.
Күн тәртібінде бірнеше маңызды мәселе қаралды. Атап айтқанда, мемлекеттік білім беру ұйымдарына педагогтерді лауазымға тағайындау барысы туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің бас сарапшысы Жұлдыз Төлеуханқызы баяндама жасады.
Сонымен қатар, «Мектепке жол» акциясының өтуі, 1-сыныпқа қабылдау барысы мен жаңа оқу жылына білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық дайындығы жайында білім басқармасының басшысы Гүлназ Төрәліқызы толық мәлімет берді.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына оқушыларды қабылдау барысы бойынша толығырақ білім басқармасы басшысының орынбасары Жанар Сатыпалдықызы Қасымова баяндама ұсынды.
Мәжіліс соңында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жаңа оқу жылына дайындықты күшейтуді тапсырды. Атап айтқанда, «Мектепке жол» акциясын уақытылы орындап, әлеуметтік осал санаттағы балаларды қамтуды, білім беру ұйымдарындағы жөндеу және абаттандыру жұмыстарын жеделдетуді, 1-сыныпқа қабылдауды ашық әрі заңға сай жүргізуді тапсырды. Жауапты мамандар мен мектеп басшыларына нақты міндеттер жүктелді.