Бұл шаралар сауда орындарының қауіпсіздігін арттыруға, санитарлық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге және келушілер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Шымкент қаласында базарларды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбектің қатысуымен өткен брифингте айтылды.
Қалалық Жол картасына енгізілген 7 базардың үшеуінде, атап айтқанда «Алаш», «Самал» және «Жаңа шахар» базарларында жаңғырту жұмыстары 2024 жылы толық аяқталды. Қалған «Авто-Нұр», «Орталық Қырғы базар», «Назым апа» және «Жабық базарында» құрылыс және жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі таңда «Жабық базарда» кіреберіс аркасы жаңартылып, ұсақ-түйек қатарларында шатыр орнатылып, сауда сөрелері ретке келтірілді, аумаққа асфальт төселіп, көкөніс павильоны толық жаңартылып, өрт қауіпсіздігі құралдары орнатылды. «Назым апа» базарында сауда орындары жүйеленіп, еденге стяжка төселіп, сауда нүктелері пластикпен қапталып, электр жүйесі толық жаңартылды. «Авто-Нұр» базарында ескі нысандар бұзылып, жаңа павильондар салынды, қазіргі таңда 3 ғимараттың құрылысы толық аяқталып, тағы бір нысанда ішкі бөлу және киім-кешек павильонын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Ал «Орталық Қырғы базарында» ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталып, жаңа шатыр орнатылып, заңсыз сауда орындарының орнына заманауи павильондар салынды, зергерлік, трикотаж және көкөніс қатарлары жаңартылып, жерасты автотұрақ пайдалануға берілді, қазіргі таңда киім сату қатарлары жаңғыртылуда.
Жалпы, аталған базарларды жаңғырту жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс болғанымен, «Авто-Нұр» және «Орталық Қырғы» базарларындағы күрделі жұмыстардың көлеміне байланысты Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігімен келісім негізінде мерзім 2026 жылдың наурыз айының соңына дейін ұзартылды. Сонымен қатар, «Алаш» базарында 500-ден астам сауда орны орналасқан ескі павильонды кезең-кезеңімен жаңғырту жоспарланып отыр, оның барысында кәсіпкерлер уақытша сауда орындарына көшіріліп, жұмыстар аяқталған соң қайта өз орындарына орналастырылады.
Бұл шаралар сауда орындарының қауіпсіздігін арттыруға, санитарлық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге және келушілер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Қайта құру жұмыстары заңнама талаптарына сәйкес кейінге қалдырылмайды, ал кәсіпкерлерге базар әкімшілігі тарапынан балама сауда орындары ұсынылуда. Қазіргі уақытта қаладағы жауапты басқармалар мен құқық қорғау органдары кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.


