Экология департаменті заң аясында қатаң шаралар қабылдап, ауаны бақылау жүйесін жетілдіруде.
Шымкент қаласында қоршаған ортаның жағдайы күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселеге айналды.
Қаланың атмосфералық ауасының ластануы, тұрғындардан түсетін шағымдар мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың экологиялық тәртіпті сақтау деңгейі — барлығы Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінің күнделікті бақылауындағы жұмыстар.
Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті басышының міндетін атқарушы Сабыр Дастанұлы мәлімдеді.
Экология департаменті – қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ретінде мемлекеттік экологиялық бақылау жүргізумен айналысады. Департаменттің күнделікті жұмысының басым бөлігі — қала тұрғындарының арыз-шағымдарын қарауға бағытталған.
Алайда тұрғын үй секторларындағы бірқатар мәселелер кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайтындықтан, заңды негізде тексеріс жүргізу мүмкін емес. Мұндай жағдайда департамент түсіндіру жұмыстарымен шектеледі.
2025 жылдың 6 айындағы экологиялық қадағалау қорытындылары
Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында департамент:
• 19 тексеру жүргізген (оның ішінде 6 – профилактикалық, 2 – сәйкестік, 11 – жоспардан тыс).
• 19 нұсқама берілген.
• 34 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 23,5 млн теңге айыппұл салынған. Оның 23 млн теңгесі мемлекет пайдасына өндірілді.
Елеулі істер:
• 3 заңды тұлға бойынша «Жерді бүлдіру» дерегімен іс қозғалғанымен, қылмыстық құрам болмағандықтан, олар Экология департаментіне қайтарылып, 8,86 млн теңге айыппұл салынды.
• 4 жеке тұлға жер қойнауын заңсыз пайдаланғаны үшін 33 мың теңге айыппұл төлеген.
• Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасарына санитарлық талапты бұзғаны үшін 29 490 теңге айыппұл салынған.
• «Аэрапорт Шымкент» АҚ – 553 мың теңге айыппұл.
Қаланың экологиялық заңнамасын өрескел бұзған бірнеше кәсіпорынның жұмысы сот шешімімен уақытша тоқтатылды:
• «СинЮанСТИЛЬ» ЖШС – рұқсатсыз қосымша ластау көзі қосып, тазалау құрылғысыз жұмыс істеген.
• HILL ЖШС – 1,96 млн теңге айыппұл және 2325960 теңге өсімпұл, қызметі 1 айға тоқтатылды.
• «Гермес-Б.Е.» ЖШС – 786 400 теңге айыппұл, 3 айға тоқтатылды.
• ЖК Хабибулла Нематулла – 393 200 теңге айыппұл, 1 айға тоқтатылды.
2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (55 іс, 171 млн теңге айыппұл), тексеріс саны азайғанымен, нақты шаралар мен тиімділік арта түскені байқалады.
Қала атмосферасының сапасы «Қазгидромет» мекемесінің 6 стационарлық бекеті арқылы бақыланады. 2020 жылдан бері қала «көтеріңкі ластану деңгейінде» қалып отыр.
Ластау динамикасы:
• 2018: 33,41 мың тонна
• 2020: 29,55 мың тонна
• 2023: 34,1 мың тонна
• 2024: 35,73 мың тонна
Ластанудың артуы — жаңа өндірістік нысандардың іске қосылуымен түсіндіріледі.
Қаладағы ауа сапасына әсер ететін 4 ірі кәсіпорынға (жылына 500 тоннадан көп шығарындылары бар автоматтандырылған өндірістік экологиялық мониторинг жүйелері (МАЖ) орнатылған. Жүйе арқылы мәліметтер Ұлттық деректер банкіне жолданып отырады.
Қадағалау нәтижелері:
• «ПКОП» – 2024 жылы МАЖ орнатпағаны, 2025 жылы дұрыс ақпарат бермегені үшін айыппұл мен нұсқама берілді.
• «Шымкентцемент» – МАЖ жүйесінің істен шығуына байланысты экологиялық талаптарды бұзғаны үшін жазаланды.
Жаз айларында, әсіресе түнгі мезгілде қала тұрғындары жағымсыз иіске жиі шағымдануда.
Мәселені жедел анықтау үшін:
• қала әкімдігімен бірлескен жұмыс тобы құрылды;
• түнгі кезекшіліктер ұйымдастырылды.
Тексеру нысандары негізінен индустриялық аймақтарға бағытталған:
• «Оңтүстік» индустриялды аймағында – 90 кәсіпорын,
• Тассайда – 30-ға жуық,
• Ордабасыда – 119-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді.
Шымкенттің экологиялық ахуалы тұрақты бақылауда болғанымен, өндірістік ластанудың артуы мен тұрғын шағымдарының жиілеуі — қалада экология мәселесі күн тәртібінен түспейтінін көрсетеді. Экология департаменті заң аясында қатаң шаралар қабылдап, ауаны бақылау жүйесін жетілдіруде. Дегенмен, қоршаған ортаны қорғау — тек мемлекеттік органның емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі екені анық.