​Шымкентте әскери қызметшілер «Көрісу күні – Амал мерекесін» атап өтті

0
88


​Шымкентте әскери қызметшілер «Көрісу күні – Амал мерекесін» атап өтті

ERNUR.KZ. Шымкентте 35748 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мен әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс істеу қызметі «Наурызнама» онкүндігінің алғашқы күні — Көрісу күні – Амал мерекесіне арналған мерекелік іс-шара өткізді.

Ұлттық әуендерді орындаған әскери оркестрдің сүйемелдеуімен ұлттық киім киген әйел әскери қызметшілер мен бөлімнің азаматтық персоналы бауырсақ пен қымыз алып, бөлім штабы, оқу сыныптары, казармалар мен бригаданың медициналық ротасын аралап шықты. Олар әскери қызметшілерді дәстүрлі қол алысып, құшақтасу арқылы құттықтап, әрбір адамға деген құрмет пен ілтипатты білдірді.
Ежелгі дәстүр бойынша бұл күні адамдар бір-бірімен «Бір жасыңызбен!» деп амандасып, ұзақ ғұмыр тілеп, қыстан аман-есен шыққанын сұрасып, жақындарының жағдайын біледі. Осылайша қазақстандықтар өзара құрмет пен қамқорлық білдіріп, ізгі тілектерін жеткізеді.
Сонымен қатар механикаландырылған бригада өкілдері көршілес ұйымдарды — №129 орта мектеп пен «Қазығұрт» клиникасын аралап, қызметкерлерді мерекемен құттықтап, ұлттық тағамдардан дәм татқызды.
Бригада әскери қызметшілерінің айтуынша, ертеден ата-бабаларымыз бұл күнді «Амал келді, жыл келді» деген ерекше сөздермен қуанышпен қарсы алған. Олардың пікірінше, бұл мереке жаңару мен бірлікті, сондай-ақ бейбітшілік, қуаныш пен береке-бірлікке деген ізгі тілектерді білдіреді.
Мерекелік акция ұлттық дәстүрлерді сақтау, өзара құрмет пен қоғамдағы бірлікті нығайтудың маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті.