​Шымкентте армиялық жекпе-жектен үздіктер анықталды

0
92

Іс-шараның басты мақсаты – әскери қызметшілердің дене даярлығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ бөлімшелер арасындағы өзара ынтымақтастық пен командалық рухты нығайту болды.


​Шымкентте армиялық жекпе-жектен үздіктер анықталды

Шымкентте елімдің сегіз өңірінен жиналған жауынгерлер арасында армиялық жекпе-жек ұрысынан республикалық жарыс өтті.

«Кешенді жоғары спорт шеберлігі» мектебінің аумағында өткен беделді додаға еліміздің әр өңірінде орналасқан әскери бөлімдерінен 8 команда, жалпы саны 89 әскери қызметші қатысты. Спортшылар 8 салмақ дәрежесінде өзара бақ сынады.

Жарысқа қатысушылар қатарында қоян-қолтық ұрыс, панкратион, аралас жекпе-жек түрлерінен спорт шеберлері, Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегерлері болуы сайыстың жоғары деңгейде өткенін көрсетті.
Іс-шараның басты мақсаты – әскери қызметшілердің дене даярлығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ бөлімшелер арасындағы өзара ынтымақтастық пен командалық рухты нығайту болды.
– Осы жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан 36814 әскери бөлімінің басшылығы мен жеке құрамына алғыс білдіреміз. Бұл дода тек үздіктерді анықтауға ғана емес, әскери қызметшілер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға және бірлікті арттыруға бағытталған, – деді дене даярлығы және спорт бөлімінің бастығы подполковник Нұрдаулет Ержігітов.
Жарыс барысында 22750 әскери бөлімінің жауынгері, майор Саян Карибаев 80 келі салмақ дәрежесінде топ жарып, жеңімпаз атанды.
– Бұл жарысқа жеті жылдан кейін қайта қатысып отырмын. Қарсыластарым өте мықты болды, әсіресе менің салмағымда бірнеше спорт шеберлері өнер көрсетті. Осы жеңіс мен үшін үлкен жетістік. Жаттықтырушыма көрсеткен дайындығы үшін алғысымды білдіремін, — деді ол.
Жалпы командалық есепте I орынды – 74884 әскери бөлімі алса, II орын – 20709 әскери бөлімі, ал III орын – 22750 әскери бөліміне бұйырды.
Сайыстың «Үздік спортшысы» атағына 74884 әскери бөлімінің жауынгері лейтенант Санжар Қайыржанов ие болды.
Сонымен қатар, жарыс барысында әділ төрелік еткен армиялық жекпе-жек ұрысының тәжірибелі төрешілері алғыс хаттармен марапатталды.
Бөлісу