Конференция барысында әскери оқытушылар, ІІМ қызметкерлері, азаматтық оқытушылар, ұландар мен мектеп оқушылары елге тағылым беретін, рухани серпіліс сыйлайтын мазмұнды баяндамалар жасады.
Сабыр Рахымов атындағы Әскери колледжде Халық қаһарманы, армия генералы Мұхтар Қапашұлы Алтынбаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Қарулы Күштердің Ұлы Сардары – 80 жаста» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Шараның құрметті қонақтары қатарында Шымкент қаласы әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі полковник Тимур Бидайбеков, ҚР ІІМ Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығының бастығы, полиция полковнигі Асылбек Алиев, ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық мектебінің басшысы, генерал-майор Болат Жорабаев, Батыр Бауыржан Момышұлы атындағы Әскери-спорт колледжінің бастығы майор Берден Ақпанбеков болды.
Конференция барысында әскери оқытушылар, ІІМ қызметкерлері, азаматтық оқытушылар, ұландар мен мектеп оқушылары елге тағылым беретін, рухани серпіліс сыйлайтын мазмұнды баяндамалар жасады.
Шараға Шымкент қаласындағы университеттер, колледждер, мектептер, «Өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығы» тәрбиеленушілері, Абай атындағы NIS мектебі, «Жас Сарбаз» жасөспірімдер қозғалысының мүшелері, сондай-ақ ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты жоғары әскери оқу орындары мен әскери колледждердің өкілдері қатысты.
Әскери колледждің оқытушысы, подполковник Асқар Тұяқбаев бұл іс-шараның жас ұрпақты елін сүюге, Отанға қызмет етудің маңызын терең сезінуге тәрбиелеу мақсатында өткізілгенін атап өтті.
– Армия генералы Мұхтар Қапашұлы Алтынбаев – Қарулы Күштеріміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан биік тұлға. Ата-бабамыз аманат еткен кең байтақ жерді, үлкен буын қалыптастырған мықты армияны қорғау – біздің қасиетті борышымыз, – деді ол.
Әскери спорт колледжінің ұланы Али Бырқия конференциядан мол мәлімет алғанын айтты.
– Армия генералы Мұхтар Қапашұлының елімізге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Әсіресе халықаралық дипломатия саласындағы еңбегі біз үшін үлкен үлгі. Бүгінгі әскери буын осындай тұлғаларға қарап бой түзейді, – деді жас ұлан.
Конференция барысында қатысушыларға заманауи қару-жарақ түрлері көрсетілді. Көрсету бағдарламасын ҚР Қарулы Күштері Арнайы операциялар күштерінің 36814 әскери бөлімі, сондай-ақ 35748 және 55652 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері дайындады.


