Соңғы жылдары ардагерлердің белсенді өмір сүруіне жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген.
Шымкентте ардагерлер қоғамдық өмірден шет қалмай, ел дамуына белсенді үлес қосып келеді. Олардың өмірлік тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті жастар тәрбиесінде, әлеуметтік мәселелерді шешуде маңызды рөл атқаруда.
Бұл туралы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының кезекті есеп беру-сайлау конференциясында кеңінен айтылды.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің қатысуымен өткен жиында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Шымкентте қазір 101 мыңнан астам ардагер бар. Соның ішінде 1300-і – тыл еңбеккерлері. Ал жасы 100-ден асқан 14 қария – шаһардың рухани қазынасы.
Қалалық ардагерлер кеңесі бастауыш ұйымдармен, мәдениет және жастар құрылымдарымен, сондай-ақ этномәдени бірлестіктермен тығыз байланыс орнатып, қариялардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жүйелі жүргізіп келеді. Әсіресе, мерейтой иелерін құттықтау, оларға құрмет көрсету дәстүрі тұрақты түрде жүзеге асып жатыр.
Соңғы жылдары ардагерлердің белсенді өмір сүруіне жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген. 2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Белсенді ұзақ өмір орталықтарының» саны бүгінде бесеуге жеткен. Мұнда қарттарға түрлі әлеуметтік қызметтер көрсетіліп, денсаулықтарын нығайтуға мүмкіндік қарастырылған. Сонымен қатар, қала басшылығының қолдауымен 120 орындық «Ізетті зейнеткер» демалыс үйі ашылып, бір жыл ішінде 4300-ден астам ардагер ем алып, тынығып шыққан.
Конференция барысында «Әкелер мектебі» мен «Аналар кеңесінің» жұмысы жанданып, қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алуға ықпал етіп отырғаны атап өтілді. Дегенмен, жастар арасында отбасы құндылықтарына қатысты түйткілдер де бар екені жасырылмады. Атап айтқанда, бейресми некенің көбеюі мен ажырасу деңгейінің төмендемей отырғаны алаңдаушылық тудырып отыр.
Жиын қорытындысында ардагерлердің қоғамдағы орны айрықша екені тағы бір мәрте айқындалып, олардың тәжірибесін ел игілігіне пайдалану бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігі айтылды.


