Қаладағы негізгі алты көшенің бойында 1600-ден астам құрылым, гүл құмыралары мен гүл композициялары орнатылады.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қаланы көгалдандыру және абаттандыру, қыс мезгілінен кейінгі жолдардың жай-күйі мен кепілдік мерзіміндегі нысандар, сондай-ақ, кеміргіштер мен зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстары және қаңғыбас жануарлар санын реттеу мәселелері қаралды.
Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғардың айтуынша, биыл Шымкентте көгалдандыру және қалада қолайлы орта қалыптастыру бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылады. Магистральды көшелердің бойына шамамен 1,6 млн сәндік бұта егіледі. Бұл жұмыс заманауи тамшылатып суару жүйелерін енгізумен қатар жүргізіліп, жасыл желектің сапалы күтімі мен сақталуы қамтамасыз етілмек.
Тігінен көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Қаладағы негізгі алты көшенің бойында 1600-ден астам құрылым, гүл құмыралары мен гүл композициялары орнатылады. Бұл қала келбетін жақсартып қана қоймай, микроклиматқа да оң әсер етеді. Көгалдандыру үшін арнайы гүл базасы құрылған. Жылыжайларда 2 млн-нан астам біржылдық және көпжылдық гүл өсіріліп, бюджет қаржысын тиімді пайдалануға мүмкіндік беруде.
Сонымен қатар, Қошқар ата өзенін кезең-кезеңімен абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Биыл Интернациональная көшесінен Дулатов көшесіне дейін жаңартылады. Сондай-ақ, жаңа қоғамдық кеңістіктер құру және қолданыстағы нысандарды жаңарту жалғасады.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың мәліметінше, 2021-2026 жылдары жалпы ұзындығы 747,7 шақырым болатын 360 нысанға кепілдік қызмет көрсетіледі.
Мегаполистегі көше-жол желісін тексеру нәтижесінде мердігер ұйымдарға анықталған ақауларды жою бойынша 26 ескерту жасалған. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмысы жүргізілуде. Кепілдік міндеттемелер өз уақытында орындалмаған жағдайда материалдар сот органдарына жолданады.
Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Талғат Мекамбаев қалада маусымдық дезинфекциялық жұмыс басталғанын хабарлады. Ауыл шаруашылығы төлдері, шаруашылық құрылыстар, сондай-ақ, саябақтар мен қоғамдық орындар өңделуде. Жұмысты бригадалар арнайы техникамен бірнеше кезең бойынша жүргізеді.


