Әлеуметтік көмек көрсету аясында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға да айрықша көңіл бөлінуде.
Шымкент қаласында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен және жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Бұл туралы өткен брифинг барысында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі таңда қалада 102 528 зейнеткер тіркелген. Сонымен қатар, 1 315 тыл еңбеккері және Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген 2 122 азамат бар. Бұл санаттағы тұрғындарды әлеуметтік қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып отыр.
Әлеуметтік көмек көрсету аясында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға да айрықша көңіл бөлінуде. Нақтырақ айтқанда, Шымкент қаласында 16 171 мүгедектігі бар адам қажетті техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілген. Бұл – олардың өмір сапасын арттырып, қоғамға бейімделуіне мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Сондай-ақ, қала әкімінің бастамасымен және мәслихат шешіміне сәйкес, биыл 5 500 зейнеткерді санаторлық-курорттық емдеумен қамту жоспарланып отыр. Аталған шара егде жастағы азаматтардың денсаулығын нығайтуға және белсенді өмір сүруіне оң ықпал етпек.
Жалпы, Шымкент қаласында әлеуметтік саясаттың тиімді жүзеге асырылуы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстардың нәтижесін көрсетеді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы іс-шаралар өз жалғасын таба бермек.


