Әлеуметтік бейімдеу орталығы – өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға жаңа өмір бастауға мүмкіндік беретін мекеме.
Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы 2025 жылы 346 азаматқа арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетті.
Мұнда кәмелет жасына толған, тұрғылықты жері мен жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ, сондай-ақ, жазасын өту орындарынан босаған немесе пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға уақытша тұру, әлеуметтік, медициналық, құқықтық және психологиялық қолдау көрсетіледі.
Жыл басынан бері орталыққа 110 адам жеке өтінішімен жүгінсе, 68 азамат – денсаулық сақтау ұйымдарының жолдамасымен, 115 адам – құқық қорғау органдары арқылы, 4 азамат – әлеуметтік ұйымдардан қабылданған. Қазіргі таңда 160 азамат уақытша орналасып, қызмет алуда.
Орталық жұмысының маңызды бағытының бірі – мобильді әлеуметтік патруль қызметі. Бұл қызмет көшеде жүрген, тұрғылықты мекенжайы жоқ азаматтарды анықтап, оларға шұғыл әлеуметтік және медициналық көмек көрсетеді. Жыл басынан бері мобильді патруль арқылы 16 адам орталыққа жеткізілді, 26 адамға тұрғылықты жері бойынша медициналық қызмет көрсетіліп, жедел жәрдем арқылы денсаулық сақтау ұйымдарына жолданды. Мұнымен қоса 23 адамның тұрақты мекенжайы бар екені анықталып, оларға қайыршылық жасаудың әкімшілік құқықбұзушылық екені түсіндірілді.
Жазасын өту орындарынан босатылған немесе пробация есебінде тұрған 5 азамат орталықта уақытша қызмет алуда.
Сонымен қатар, орталық мамандарының көмегімен 136 азаматтың құжат мәселесі шешілді. Жеке куәліктері қалпына келтіріліп, зейнетақы мен мүгедектік жәрдемақы рәсімдеу, үй кезегіне қою, медициналық ұйымдарға жолдау сынды қызметтер көрсетілді. Нәтижесінде 14 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.
Психодиагностикалық зерттеу қорытындысы бойынша қызмет алушылардың 36,7 пайызының әлеуметтік ортаға бейімделу деңгейі жақсарған.
Әлеуметтік бейімдеу орталығы – өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға жаңа өмір бастауға мүмкіндік беретін мекеме.


