Жиынның негізгі мақсаты – оқушылардың отансүйгіштік сезімін арттыру, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру, еліміздің тарихына құрметпен қарауға тәрбиелеу.
Шымкент қаласындағы №142 жалпы орта білім беретін мектебінің аумағында «АЙБЫН» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының іріктеу кезеңі басталды.
Аталған іс-шара Шымкент қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті, білім басқармасы, ҚР ҚМ Сабыр Рахымов атындағы әскери колледжі және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының қолдауымен №142 мектеп базасында ұйымдастырылды.
Іс-шараға Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев, Білім басқармасының басшысы Қуаныш Ғалымжанұлы, әдіскер Сержан Асқарұлы, білім беру ұйымының басшылары мен педагогтері, қала мектептерінің әскери жетекшілері, «Жас сарбаз» үйірмелерінің тәрбиеленушілері және оқушылар қатысты.
Жиынның негізгі мақсаты – оқушылардың отансүйгіштік сезімін арттыру, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру, еліміздің тарихына құрметпен қарауға тәрбиелеу.
Іріктеу кезеңіне қаладағы аудандық сайыстардан өткен 14 мектептің 8–11 сынып оқушылары қатысуда. Салтанатты ашылу рәсімі Мемлекеттік Туды көтеру және Әнұран орындаумен басталды. Жиналған қауым алдында қорғаныс істері жөніндегі департамент пен білім басқармасы басшылары, сондай-ақ қалалық ардагерлер кеңестерінің өкілдері құттықтау сөз сөйледі.
Өз сөзінде полковник Әбдіғабит Шегебаев:
– Бүгін біз маңызды әрі тағылымы зор шараның куәсі болып отырмыз. Осындай патриоттық жиындар жастарды Отансүйгіштікке тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады. «Айбын» жиыны жас буынға жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың бойындағы патриоттық рухты нығайтады, – деп атап өтті.
Сайыстың алғашқы күнінде қатысушылар патриоттық ән орындау, әскери робототехника, пневматикалық қарудан дәлдікке ату және жүзу бойынша өзара мықтыларды анықтады.
Өз әсерімен «Арыстан» патриоттық клубының тәрбиеленушісі Нұрдана Ерғазы бөлісті:
– «Айбын» жиынына тыңғылықты дайындықпен келдім. Бұған дейін Алматы және Ақтөбе қалаларында өткен жарыстарда жүлделі орындарға ие болғанмын. Бүгін автоматты бөлшектеп-жинақтау, пресс және білім сайыстарына қатысамын. Барлық командаларға сәттілік тілеймін, – деді ол.
Іс-шара барысында барлық қатысушылар жоғары белсенділік танытты. Оқушылардың бойынан патриоттық рух, тәртіп пен ұйымшылдық айқын көрінді.


