Жиында сөз сөйлеген қала әкімі ұлы ақынның шығармашылығы қазақ халқының рухани қазынасына айналғанын атап өтіп, бүгінгі ұрпаққа қалдырған мол мұрасының тәрбиелік маңызы зор екенін жеткізді.
Шымкентте Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар өтті.
Шымкент қаласында қазақтың ұлы ойшылы, ағартушысы, ақын әрі философы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Бұл күн еліміздің рухани өміріндегі маңызды оқиға ретінде есте қалмақ.
Мерекелік шара Абай саябағында орналасқан еңселі ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Салтанатты жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, танымал ғалымдар, жоғары оқу орындарының ректорлары, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, сондай-ақ белсенді жастар мен қала тұрғындары қатысты.
Жиында сөз сөйлеген қала әкімі ұлы ақынның шығармашылығы қазақ халқының рухани қазынасына айналғанын атап өтіп, бүгінгі ұрпаққа қалдырған мол мұрасының тәрбиелік маңызы зор екенін жеткізді.
«Абайдың даналық ойлары, өлеңдері мен қара сөздері уақыт өткен сайын құндылығын жоймай, қайта жаңғырып келеді. Оның еңбектері жас ұрпақты білімге, адалдыққа, елін сүюге шақырады», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Мерекелік шара барысында бүлдіршіндер ақынның өлеңдерін нақышына келтіре оқып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Қатысушылар 2009 жылы ашылған «Хакім Абай» музейін аралап, ұлы ақынның өмір жолымен, шығармашылығымен, аудармалары және заманының тұрмыс-салт ерекшеліктерімен жан-жақты танысты.
Іс-шара Көрме орталығындағы «Ұлы Даланың Ұлы Абайы» көрмесін тамашалаумен жалғасты. Мұнда Абайдың өмірі мен мұрасына қатысты тарихи құжаттар, сирек кездесетін қолжазбалар, суреттер, тұрмыстық бұйымдар мен өнер туындылары қойылды. Экспозиция келушілерге ақынның тұлғасын жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді.
Рухани-мәдени мереке республикалық деңгейдегі «Абай әлемі» байқауымен қорытындыланды. Байқауда жас өнерпаздар Абай шығармаларын орындап, поэзия мен музыка арқылы ұлы тұлғаның мәңгілік рухын дәріптеді. Сонымен қатар қаладағы мәдениет үйлері мен театрларда әдеби кештер, концерттер, шығармашылық кездесулер ұйымдастырылды.
Шымкент қаласында өткен бұл мерейтойлық шаралар қазақ халқының рухани қазынасын дәріптеуге, Абай мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Ұлы ойшылдың тағылымды мұрасы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, елдің рухани дамуының темірқазығы болып қала беретіні сөзсіз.