Аталған орталықтың жобалық қуаттылығы 1200 қызмет алушыға арналған.
Шымкент қаласында әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жұмыстары жалғасуда.
Қала әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №7 үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы арқылы 2025 жылы 958 адам әлеуметтік қолдауға ие болды.
Аталған орталықтың жобалық қуаттылығы 1200 қызмет алушыға арналған. Мұнда психоневрологиялық ауытқулары бар 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, тірек-қимыл аппараты бұзылған кәмелетке толмағандарға, 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар азаматтарға, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ жалғызілікті әрі егде жасына байланысты өзіне-өзі қызмет көрсету мүмкіндігі шектеулі қарттарға үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
Қазіргі таңда орталықта 154 әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 16-сы – әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар, 138-і – күтім жөніндегі мамандар. Мамандардың басты мақсаты – әлеуметтік осал топтағы азаматтардың өмір сүру сапасын арттырып, оларға қолайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру.
2025 жылы қызмет алушылардың басым бөлігі – 563 адам өзіне-өзі қызмет көрсету мүмкіндігі жоқ егде жастағы қарттар. Сонымен қатар, I және II топтағы мүгедектігі бар 90 азаматқа, тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқулары бар 185 балаға, сондай-ақ 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар 91 азаматқа үй жағдайында әлеуметтік қызмет көрсетілді.


