Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында бірқатар әлеуметтік және білім беру нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Аралау аясында қала әкімі 40 отбасыға жаңа пәтердің кілтін табыстады. Азаматтарға берілген баспаналар кейіннен жекеменшікке рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған жалға беру тетігі арқылы ұсынылды.
Пәтерлер ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, толық емес отбасыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтарға берілді.
Сонымен қатар қала әкімі жаңа оқу жылы қарсаңында бірқатар білім беру нысандарының дайындығын тексерді. Аралау барысында жүргізілген құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасы, білім беру мекемелерінің инфрақұрылымы мен оқушыларға қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Теріскей шағынауданындағы №46 мектеп-лицейінде жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесі таныстырылды. Нысанның қасбеті мен шатыры жаңартылып, ғимараттың сыртқы келбеті мен техникалық жағдайы жақсартылды.
Қала әкімі А. Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейіне де барып, білім беру мекемесінің жағдайымен танысты. Үш қабатты ғимарат 572 оқушыға арналған және үш блоктан тұрады. Мұнда оқу корпусы, асхана, спорт және акт залдары қарастырылған.
Сондай-ақ 325 орындық №106 мектепте жүргізілген ауқымды жөндеу жұмыстарының нәтижесі тексерілді. Ғимарат пен инженерлік желілер жаңартылып, іргелес аумақ абаттандырылған. Мектеп аумағында жүгіру жолы мен спорт алаңдары салынып, кіреберіс топтары пандустармен жабдықталған.
Абай ауданындағы К. Қасымұлы атындағы №82 мектепке қосымша 450 орындық оқу корпусының құрылысы да қала әкімінің назарында болды. Екі блоктан тұратын жаңа ғимаратта медициналық кабинет, спорт және акт залдары, асхана мен кітапхана қарастырылған. Сонымен қатар мектеп аумағында спорт аймақтары мен ойын алаңдары абаттандырылған.
Хамза атындағы №42 мектепте де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде ғимарат пен инженерлік инфрақұрылым жаңартылып, оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған спорт және серуендеу аймақтары жасақталған.
Аралау барысында Еңбекші ауданындағы 330 орындық М. Әуезов атындағы №96 орта мектептің жағдайы да қаралды. Екі қабатты, бес блоктан тұратын білім беру мекемесінде асхана, спорт және акт залдары қарастырылған.
Қала әкімі Текесу тұрғын алабындағы 150 орындық №121 мектептің жаңа ғимаратының құрылыс барысымен де танысты. Қазіргі таңда нысанның дайындығы 95 пайызды құрайды. Жаңа мектепте оқушылардың сапалы білім алуына және спортпен шұғылдануына қажетті барлық жағдай жасалмақ.
Аралау қорытындысы бойынша Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жауапты құрылыс және білім басқармаларына анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды, сондай-ақ барлық білім беру нысандарының жаңа оқу жылын бастауға толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.


