Қырғызстанда облыстар мен аудандардың орнына аймақтар құрылады

0
166

Қырғызстанда әкімшілік-аумақтық реформа жүргізіліп жатыр.


Қырғызстанда облыстар мен аудандардың орнына аймақтар құрылады

Фото: fergana.agency

ERNUR.KZ. Енді елдегі барлық облыстар мен аудандарды тарату көзделген. Бұл туралы "Кабар" эфирінде Мемлекеттік қызмет және жергілікті өзін-өзі басқару істері жөніндегі мемлекеттік агенттіктің директоры Элчибек Жантаев айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Оның сөзінше, бірін-бірі қайталайтын әкімшілік органдар таратылады. Республикада облыстар мен аудандардың орнына аймақтар құрылады.

"Аймақтар ауданнан үлкен, бірақ облыстан кіші болады. Қырғызстанда 40 ауданның орнына 20-дан астам аймақ болады. Әр облыстың өз әлеуеті бар. Мәселен, Ыстықкөл облысында оңтүстік пен солтүстікті бөліп көрсетуге болады. Жалалабад және Ош облыстарында шағын аудандар мен даму әлеуеті жоғары аудандар бар. Осы ұстаным бойынша олар біріктіріліп, кейін аймақтарға бөлінеді", – деді Элчибек Жантаев.

Басылымның жазуынша, 2023 жылы Қырғызстанда әкімшілік-аумақтық реформаның бірінші кезеңі басталды. Оның аясында кейбір аудандардың шекаралары өзгертіліп, бірқатар елдімекендер қалалардың құрамына енді.

2023 жылы көрші ел басшысы Садыр Жапаров әкімшілік бірлік ретінде облыстар мен аудандарды таратып, олардың орнына 20-дан астам аймақты құру жоспарымен бөліскен болатын.