Шымкентте Шенген визасына құжат қабылдау орталығы ашылды

0
40

Бұл – қаладағы алғашқы орталық.


Шымкентте Шенген визасына құжат қабылдау орталығы ашылды

ERNUR.KZ. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиогемен бірге Францияның Шенген визасын рәсімдеуге арналған құжаттарды қабылдау орталығының ашылу салтанатына қатысты.

Бұл – қаладағы алғашқы орталық. Енді Шымкент пен оған жақын өңірлердің тұрғындары Францияның Шенген визасын алу үшін құжаттарын Астана немесе Алматы қалаларына бармай-ақ, осында тапсыра алады.
Іс-шараға Францияның Алматы қаласындағы Бас консулы Максим Жеренже және Францияның Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы құрметті консулы Игорь Копайлов та қатысты.
Орталықтың ашылуы қала әкімдігі мен Францияның Қазақстандағы Елшілігі арасындағы келісімдердің нәтижесінде жүзеге асты. Құжаттарды қабылдау халықаралық визалық оператор VFS Global компаниясының қолдауымен ұйымдастырылады. Бұл ретте биометриялық деректерді жинауға арналған мобильді жабдықтар пайдаланылады.
Ғабит Сыздықбеков бастаманы қолдағаны үшін Франция Елшілігіне және Елшіге алғыс білдірді. Оның айтуынша, орталықтың ашылуы оңтүстік өңір тұрғындары үшін маңызды мүмкіндік болып, құжат тапсыру рәсімін жеңілдетеді әрі өзге қалаларға бару қажеттілігін жояды.
Француз тарапымен ынтымақтастықты одан әрі дамыту іскерлік, мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.