Жоспарланған 9 446 жұмыс орнының 7 732-сі құрылды.
Шымкентте қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтілетін Еңбек күніне орай өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Іс-шараға қаладағы 100-ден астам мемлекеттік және жекеменшік ұйым, оның ішінде индустриалды аймақтардағы 20 мекеме қатысып, жұмыс іздеушілерге 3 100-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды. Оның ішінде 2 мыңға жуығы тұрақты, 1 100-і уақытша жұмыс орындарын құрады.
Жәрмеңкеге Абай, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Павлодар облыстарынан 20-дан астам делегация қатысты. Өңірлердің өкілдері тұрғындарға жұмысқа орналасу, ерікті түрде қоныс аудару және жұмыспен қамтуды қолдаудың қолданыстағы шаралары бойынша кеңес берді.
Жұмыспен қамту бағытында қалада жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл Шымкентте 31 398 адамды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына тарту жоспарланған. 21 қыркүйектегі жағдай бойынша оның 26 412-сі қамтылды.
Сонымен қатар жоспарланған 9 446 жұмыс орнының 7 732-сі құрылды. Тұжырымдама мен даму бағдарламасы аясында жоспарланған 813 адам жұмысқа орналастырылды. Жеке бастамалар есебінен 6 919 адамды жұмыспен қамту жоспары толық орындалды.
Дағдыларды дамыту бағыты бойынша 4 149 адам қамтылды. Оның ішінде 450 адам жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде оқуға жіберілсе, 160 азамат тікелей жұмыс орындарында білім алды. Бұдан бөлек, enbek.kz порталы арқылы 3 454 адам онлайн оқытуға қатысты. Кәсіби біліктілікті тану бағыты бойынша 85 азамат оқып шықты.
Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытында да тиісті жұмыстар жалғасуда. Бүгінде жұмыспен қамту шараларына 2 726 азамат тартылған. Оның ішінде 2 623 адам «Бастау Бизнес» жобасы аясында білім алды.
Әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтарға 400 АЕК-ке дейінгі мемлекеттік гранттар қарастырылған. Жоспарланған 400 алушының бүгінде 103-іне грант берілді. Сонымен қатар субсидияланатын жұмыс орындарына 3 229 азамат жолданды. «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 1 404 адам жұмысқа орналастырылса, «Қоғамдық жұмыстар» бағдарламасы бойынша 1 479 азамат жұмыспен қамтылды.
Жалпы, биыл тұрақты жұмыс орындарына 11 427 адамды орналастыру жоспарланған. 21 қыркүйектегі жағдай бойынша 8 575 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан.
Өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілердің тікелей байланыс орнатуына мүмкіндік берді. Жәрмеңке барысында тұрғындар өзекті бос жұмыс орындарымен танысып қана қоймай, кәсіби оқыту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және жұмыспен қамту шаралары жөнінде ақпарат алды.


