Қазақстан мемлекеттік қарызды өтеуге бюджетінің 11%-ын жұмсайды

0
217

Қазақстанның мемлекеттік қарызы 40 триллион теңгеге жуықтады.


Қазақстан мемлекеттік қарызды өтеуге бюджетінің 11%-ын жұмсайды

ERNUR.KZ. Қазақстан мемлекеттік қарыз бойынша таза пайыздық шығындарға бюджет шығыстарының 11,1%-ын бағыттайды, деп жазады stan.kz.

Экономист Андрей Чеботарев 2025 жылғы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деректерін талдай отырып, өзінің Finance.kz Telegram-арнасында жазды. Онда ол Қазақстан мемлекеттік қарыз бойынша таза пайыздық шығындарға барлық мемлекеттік шығыстың 11,1%-ын жұмсайтынын айтқан. Көрсеткіш елдің ІЖӨ-нің 3,8%-ына тең. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан ЭЫДҰ елдерінің орташа деңгейінен (4,9%) және АҚШ-тан (10,7%) жоғары.

Сонымен қатар Қазақстанның мемлекеттік қарызы ЖІӨ-ге шаққанда шамамен 22% ғана. Яғни қарыз көлемі салыстырмалы түрде төмен болғанымен, оны өтеу шығыны жоғары.

Бюджет шығынындағы қарыз бойынша төлемдердің үлесі жоғары 10 ел:

  • АҚШ – 10,7%
  • Италия – 10,1%
  • Грекия – 9,6%
  • Бразилия – 9,5%
  • Португалия – 8,5%
  • Ұлыбритания – 8,1%
  • Мексика – 7,5%
  • Канада – 6,8%
  • Колумбия – 6,8%
  • Үндістан – 6,6%.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін елдер бойынша орташа көрсеткіш – 4,9%.

Экономистің пікірінше, жоғары шығынның негізгі себептері – қарыз алудың қымбатқа түсуі және мемлекеттік қарыз портфелінің құрылымы.

"Мемлекеттік қарыз ІЖӨ-нің 22%-ы болса да, бюджетіміздің 11%-ын төлейміз. Біз өте қымбат қарыз аламыз. Қарыздың көлемінен гөрі оның құрылымы көбірек салмақ түсіреді", – деп жазды Чеботарев.

Оның айтуынша, қарызға қызмет көрсету құнының жоғары болуы білім, инфрақұрылым және денсаулық сақтау сияқты басқа салаларға бағытталатын қаржы көлемін шектейді. Сарапшы жоғары қарыз құны елді тұйық циклге әкелуі мүмкін екенін атап өтті: қарызды өтеу үшін жаңа қарыз алынады, бұл өз кезегінде жалпы міндеттемелерді арттырады.

"Бұл шеңберден ІЖӨ өспей немесе бюджет шығынын қысқартпай шығу іс жүзінде мүмкін емес", – деп қорытындылады экономист.

Еске салайық, Қазақстанның мемлекеттік қарызы 40 триллион теңгеге жуықтады. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы шамамен 20% екенін, бұл белгіленген 32% шектен төмен екенін айтты. Оның сөзінше, қарыздың басым бөлігі – ішкі қарыз. Министр қарыз алудың өзі проблема емес, бастысы – қаражаттың экономикаға нақты қайтарым беретін жобаларға жұмсалуы екенін атап өтті.