Шымкентте 21 жастағы бойжеткен кісі қолынан қаза тапты

0
59

Қайғылы оқиға туралы ақпаратты Шымкент қалалық Полиция департаменті ресми түрде растады.


Шымкентте 21 жастағы бойжеткен кісі қолынан қаза тапты

фото: әлеуметтік желіде тараған видеодан скриншот

Шымкент қаласында жантүршігерлік қылмыс орын алды. 2026 жылғы 11 қаңтар күні кешкі уақытта Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында 21 жастағы бойжеткен пышақ жарақатынан көз жұмды.

Қайғылы оқиға туралы ақпаратты Шымкент қалалық Полиция департаменті ресми түрде растады.

Әлеуметтік желілерде тараған бейнебақылау камераларының жазбасына сәйкес, күдікті бойжеткенді соңынан қуалап жетіп, жерге құлатқаннан кейін бірнеше рет пышақ жұмсаған. Алдын ала мәліметтер бойынша, күдікті мен марқұм бұрыннан таныс болған.

Аталған дерек негізінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтады. Қылмыскерді құрықтау және оны тиісті қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында қала аумағында ауқымды жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесін сақтау мақсатында өзге ақпараттар құпия сақталады және жария етілмейді. Құқық қорғау органдары азаматтарды расталмаған қауесеттерге сенбеуге, жалған ақпарат таратпауға және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырады.

Бөлісу