​Шымкентте 118 әскери міндетті Отанға адал болуға ант берді

0
80

Шымкент қаласының аумақтық қорғаныс бригадасында тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өтіп жатыр.


​Шымкентте 118 әскери міндетті Отанға адал болуға ант берді

«Ақтас» оқу-жаттығу полигонында алғаш рет он күндік әскери жиынға барған және бұрын Отан алдындағы борышын өткермеген әскери міндеттілердің әскери ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті.

Іс-шараға қала әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі полковник Тимур Бидайбеков, аумақтық қорғаныс бригадасының басшылығы, аудандық әкімдік өкілдері және Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.
– Бүгін бәрің үшін маңызды әрі жауапты күн. Әскери міндеттілер жиынында Әскери ант бердіңдер. Бұл жай ғана заңды факт емес, сонымен қатар жоғары азаматтық борышты көрсететін моральдық міндеттеме. Осындай жиын сендердің кәсіби дағдыларыңды жетілдіруге, оған қоса аумақтық қорғаныс негіздерін нығайтуға ықпал етеді, – деп атап өтті Шымкент қаласы аумақтық қорғаныс бригадасының командирі полковник Бақытжан Әшімов.
Салтанатты рәсім барысында әскери міндеттілер әскери борышын лайықты орындауға, мемлекеттің, халықтың және оның заңды сайланған Президентінің бостандығын, тәуелсіздігі мен конституциялық құрылысын қорғауға ант берді.
Естеріңізге сала кетсек, әскери міндеттілермен он күндік жиын аясында Шымкент қаласының аумақтық қорғаныс бригадасында тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өтіп жатыр. Оның барысында республикалық маңызы бар қаланың әскери және мемлекеттік объектілерін жауынгерлік үйлестіру, күзету мен қорғауды ұйымдастыру мәселелері пысықталуда.
Жиынның қорытынды кезеңінде «Стратегиялық нысандарды күзету және қорғау кезіндегі жеке құрамның іс-әрекеттері» тақырыбында тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өткізіледі. Практикалық сабақтар барысында әскери қызметшілер блок-бекеттерге диверсиялық-барлау топтарының шабуылын тойтару әрекеттерін пысықтайды.
Бөлісу