Жоспар аясында тұрғын үйлер салумен қатар білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын енгізу қарастырылған.
ERNUR.KZ. Шымкент қаласының әкімдігі, «YDA Group» компаниясы және «Integra Construction KZ» ЖШС өкілдерінің қатысуымен өткен бір ай бұрынғы кездесуде 117 гектар аумақты кешенді дамытуға арналған бас жоспар таныстырылды. Бұл жоба заманауи тұрғын ауданын және көпфункционалды инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған.
Жоспар аясында тұрғын үйлер салумен қатар білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын енгізу қарастырылған. Кездесу барысында 2 миллиард АҚШ долларынан асатын инвестициялық жобаны іске асырудың негізгі кезеңдері мен шешімдері талқыланды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков инженерлік инфрақұрылым мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға ерекше мән берілгенін атап өтті. Сонымен қатар, жобаны жүзеге асыру барысында кешенді тәсіл қолданылып, халықаралық сапа және экологиялық қауіпсіздік стандарттары қатаң сақталатыны атап өтілді.
Жиында заманауи ойын-сауық саябағын салу мүмкіндігі де қарастырылып, оның қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды орынға айналып, ішкі туризмді дамытуға септігін тигізетіні айтылды.
Компания өкілдері конструктивті диалог пен қала дамуына деген белсенді қатысқандары үшін алғыс білдірді. Қала әкімдігі өз тарапынан жобаны уақтылы және тиімді іске асыруға барлық қажетті қолдауды көрсетуге әзір екенін хабарлады. Бұл жоба Шымкент қаласының келбетін арттырып, экономикалық дамуына елеулі үлес қосатын маңызды бастама болып табылады.