​Шымкент: Жұлдыз, Жалын тұрғын алаптары газдандырылды

0
184

Жалпы 33 шақырымнан астам газ құбыры салынды. Осының арқасында екі тұрғын алабы да орталықтандырылған газ жүйесіне қосылды.


​Шымкент: Жұлдыз, Жалын тұрғын алаптары газдандырылды

Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Қала әкімдігі тарапынан тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Соның айқын дәлелі ретінде бүгін Жұлдыз жаңа құрылыс аумағы мен Жалын тұрғын алаптарында табиғи газға қосу рәсімі өтті.

Салтанатты шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, жергілікті халықтың қуанышына ортақтасты. Әкімнің айтуынша, бұл жоба тұрғындармен өткен көшпелі кездесулерде көтерілген негізгі мәселелердің бірі болған. Былтырғы тамыз айында айтылған өтініштерге сәйкес газ құбырларын тарту жұмыстары жедел басталып, бүгін нақты нәтижесін беріп отыр.

Жобаны іске асыру барысында 834 абоненті бар Жұлдыз шағынауданы мен 566 абоненті бар Жалын тұрғын алабы толықтай көгілдір отынға қол жеткізді. Бұл үшін жалпы ұзындығы 33 шақырымнан астам жаңа газ құбыры жүргізілді. Құрылысты мердігер мекемелер сапалы орындап шықты.

Іс-шара барысында қала әкімі мердігерлерге атқарған еңбектері үшін ризашылығын білдіріп, тұрғындарды газ жүйесіне қосылу тәртібімен таныстырды. Әкім атап өткендей, қазіргі таңда кез келген азамат техникалық шарттарды алу үшін үйден шықпай-ақ «eGov Mobile» мобильді қосымшасы немесе egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы өтініш бере алады. Бұл тәсіл артық құжат жинау мен ұзақ кезектерді болдырмай, халыққа қолайлы жағдай жасайды.

Жергілікті тұрғындар да әкімге алғысын білдіріп, көптен күткен арманның орындалғанына қуанышты екенін жеткізді. Бұған дейін көмір немесе газ баллондарын пайдаланып келген отбасылар үшін орталықтандырылған газ жүйесіне қосылу тұрмыс сапасын едәуір жақсартып, тұрмыстық шығындарды азайтады. Сонымен қатар экологиялық тұрғыдан да қала үшін тиімді.

Айта кетейік, соңғы жылдары Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды жобалар қолға алынған. Қала әкімдігінің деректеріне сәйкес, алдағы уақытта бірнеше тұрғын алапта электр желілері жаңартылып, ауыз су жүйесі тартылмақ. Табиғи газға қосу жұмыстары да кезең-кезеңімен жалғасын табады.

Мамандардың айтуынша, қала халқы жыл сайын өсіп келе жатқандықтан, инженерлік желілерді уақытылы жүргізу – стратегиялық маңызы бар міндеттердің бірі. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар Президент бастамалары мен ұлттық жобалар аясында жүзеге асырылуда.

Осылайша, Жұлдыз бен Жалын тұрғын алаптарының тұрғындары бүгіннен бастап орталықтандырылған газ жүйесінің игілігін көруде. Бұл – тек екі елді мекен үшін ғана емес, жалпы Шымкент қаласының дамуы үшін де маңызды қадам болып табылады.

Бөлісу