ШЫМКЕНТ: жарықтандыру мен жылу жүйесі: тұрғындардың жайлы өмірі басты назарда

0
161

Аудан әкімдігі тұрғындарға қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға да баса назар аударуда. Осы мақсатта аулаларды абаттандыру, арықтардың жиектерін бекіту және қоршау, шағын көпірлер салу, аяқжолдарды ретке келтіру сынды жұмыстар атқарылып келеді.


ШЫМКЕНТ: жарықтандыру мен жылу жүйесі: тұрғындардың жайлы өмірі басты назарда

Шымкент қаласы Абай ауданында тұрғындардың өмір сапасын арттыру және қолайлы тұрмыс жағдайын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Бұл туралы аудан әкімі Сұлтанхан Шәкір Асылханұлы хабарлады.

Аудан аумағында соңғы жылдары инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар ауқымды түрде жүзеге асуда. Әкім атап өткендей, 2024 жылға дейін аудан көшелерінің небәрі 15 пайызы ғана жарықтандырылған болса, бүгінде жағдай түбегейлі өзгерді. Қазіргі таңда 954 көше жарықтандырылып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Жыл соңына дейін барлық көшелер жарық шамдарымен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Бұл бастама қала әкімінің тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқан маңызды жобалардың бірі болып табылады. Жарықтандыру жүйесінің кеңеюі тек қауіпсіздік деңгейін арттырып қана қоймай, ауданның көрікті және заманауи келбет алуына да ықпал етеді.

Сонымен қатар, жылу маусымына дайындық та жүйелі түрде жүргізілуде. Аудан аумағындағы 255 көпқабатты тұрғын үйдің барлығы қысқы маусымға толық дайын. «ҚуатжылуОрталық» мекемесі арқылы орталық жылу жүйесіне қосылған барлық нысандарда қажетті сығымдау және техникалық тексеріс жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, 32 мектеп, 9 балабақша және 13 медициналық ұйымның жылу жүйелері қысқа әзірленіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында барлық қажетті шаралар қабылданды.

Аудан әкімдігі тұрғындарға қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға да баса назар аударуда. Осы мақсатта аулаларды абаттандыру, арықтардың жиектерін бекіту және қоршау, шағын көпірлер салу, аяқжолдарды ретке келтіру сынды жұмыстар атқарылып келеді. Бұл бағыттағы шаралар тұрғындардың жүріп-тұруын жеңілдетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадамдар болып саналады.

Сұлтанхан Шәкір Асылханұлының айтуынша, атқарылып жатқан әрбір іс халықтың сұранысы мен қажеттілігін ескере отырып жүзеге асырылады. «Біздің басты мақсатымыз — Абай ауданында өмір сүріп жатқан әрбір тұрғынның тұрмыс жағдайын жақсарту. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жетілдіру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасады», — деді аудан әкімі.

Қазіргі таңда Абай ауданының келбеті жыл сайын жаңарып, тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасалып келеді. Жарықтандырылған көшелер, абаттандырылған аулалар мен қауіпсіз инфрақұрылым – ауданның тұрақты дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатының артуының айқын көрсеткіші болып отыр.


Бөлісу